Талас аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторлары Қаратау қаласының көшелерінің патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған «Toyota camry» маркалы автокөлігін байқаған. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамай және бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан жүрісін жалғастырған.
Полиция қызметкерлерімен автокөлік тоқтатылып, жүргізушімен әңгімелесу барысында оның масаң күйде көлік басқарғаны белгілі болды. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша оның «жеңіл» дәрежедегі мас күйінде болғаны расталды.
Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) әкімшілік хаттама толтырылып сотқа жолданды. Сот шешіміне сәйкес жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сондай-ақ, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы 1-бөлігі бойынша (бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), 590-бабы 9-бөлігімен (мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару), 613-бабы 1-бөлігімен (көліктік бақылау органдары қызметкерінің ҚР аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау), 230-бабы 2-бөлігімен (ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы) әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті көлік құралын мас күйде басқарған үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді және азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.