Сыртқы факторларға қарамастан Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы қаңтар-қазан аралығында 7 пайыздан артық өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қазақстан басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Қырғызстан астанасындағы отырысында айтты.
«Желтоқсандағы дәстүрлі кездесуімізде бірлескен жұмыстарды қорытындылап, келер жылдың міндеттерін анықтаймыз. Өтіп бара жатқан жыл әлем экономикасы үшін өте күрделі болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия салдарынан ес жиып үлгермей жатып жаңа геосаси-экономикалық қатерлерге тап келді. Біз әлемде сауданы айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар мен квоталар, алым-салықтар енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Осы жағдайда біздің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы белсенді әріптестігіміздің жаһандық тенденицялардан жағымды айырмашылығы бар және бұл көңілге сенім ұялатады», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның одаққа мүше елдердің бәрімен сыртқы саудасы жағымды динамика көрсеткенін атап өтті.
«Сыртқы факторларға қарамастан Қазақстанның Еуразиялық Одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы қаңтар-қазан аралығында 7 пайызда артық өсіп, 23 млрд доллар болды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.