Нұржан Нұржігітов: Көктемгі дала жұмыстары сапалы орындалуы тиіс

0 6

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Жоспарлы жыртылуы тиіс 104 мың гектардың қазіргі таңда 44,5 мың гектары жыртылды, 107,9 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылып, кездесіп отырған мәселелелердің шешу жолдары талқыланды.

Басқосуда алдымен көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, бүгінге дейін 65,9 мың гектар алқапта жаздық масақты дақылдар, 6,3 мың гектарға көп жылдық шөп, 4,5 мың гектарға көкөніс, 955 гектар алқапта майлы дақылдар және 225 гектар алқапта картоп дақылдары себілген.

— Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқым көлемінің 76,8 мың тоннасы қолда бар. Сондай-ақ, биыл қант қызылшасы дақылының егіс жоспарын 10 400 гектарға арттыру көзделген.

Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 6 893 дана ауыл шаруашылығы техникаларын қатыстыру жоспарланаған. Тиісті техникалар толығымен дайын.

Бұдан бөлек, ақпан-сәуір айларына жалпы 15,5 мың тонна  дизель отыны бөлінді. Бөлінген дизель отынын шаруашылықтарға тарату үшін, облыс бойынша 14 оператор анықталған. Бүгінгі таңда 11,2 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны облысымызға жеткізіліп, 6,1 мың тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарына таратылды. Бөлінген көлемді тасымалдау және тарату жұмыстары тұрақты бақылауда,-деді басқарма басшысы.

Аймақ басшысы аудандардан жеке-жеке жауаптар алып, субсидия беру, тыңайтқышпен қамту ісіндегі сылбыр жұмыстарды сынға алды.

— Көктемгі дала жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілуі тиіс. Барлық қажетті қаражат қаралған. Тек тиісті орындармен, шаруалармен бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Мемлекеттік қолдау әр ауылға, шаруаларға жету маңызды,-дей келе облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.