Жамбыл облысында 700 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда

0 15

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы мен цифрландыру басқармаларының басшыларының есептерін тыңдады.

Кондоминиум нысанын тіркеу жұмыстары туралы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндады.

Ол тұрғын үй қорын жаңғырту аясында 2011-2022 жылдар аралығында құны 16,8 млрд теңгегені құрайтын 557 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Биыл облыс орталығында жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 44 тұрғын үйді жаңғырту жоспарлануда.

Облыс әкімі аудандарды тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасымен қамтуды тапсырды.

Бұдан кейін, облыс кімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасады.

«Биылғы жылы жол саласын дамытуға 24,7 млрд теңге бөлінді. 3,3 шақырым жол салу, 11,4 шақырым жолды реконструкциялау, 777,3 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда»- деді ол.

Нұржан Нұржігітов басшылық тарапынан үйлестіру мен тиісті бақылаудың жоқтығын сынға алды. Аймақ басшысы басқарма алдына бірқатар міндеттер қоя отырып, жол жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу, жаңа қала және ауданаралық бағыттарды ашуды тапсырды.

– Жол желісін дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Ал сіздің міндетіңіз – бюджет қаражатының тиімді игерілуін бақылау. Жұмыстың сапасына ерекше назар аудару керек. Жыл сайын бір учаскені жамауды қоятын кез келді, – деді облыс әкімі.

Тараз қаласы мен аудандардың өңірлік географиялық ақпараттық жүйесін дамыту қорытындылары, мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құру және жүргізу жұмыстарының барысы туралы облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев баяндады.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Өткен жылы облыста ұялы байланыс операторларының 7 базалық стансасы салынды. Бүгінгі таңда 173 елді мекен жоғары жылдамдықты мобильді интернет 4G, 70 – 2G, 124 – 3G желісімен қамтамасыз етілген. 2025 жылға қарай барлық елді мекендерді 4G желісімен қамту жоспарлануда.

Нұржан Нұржігітов елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернет және ұялы байланыспен қамтамасыз ету бойынша сапалы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсуді тиісті басқарма басшыларына тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.