«AMANAT» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларға байланысты қойған мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік жасап келеді. Қазіргі таңда облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарда мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылуда. Бүгін Талас ауданының Үшарал ауылдық округінде өтті.
Ауылдық округте тұрғындар бірқатар мәселелердің шетін шығарып, жауапты мамандармен шешу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, елді мекенде «Beeline» ұялы байланысының интернет желісі нашар. Тіпті, қарапайым ғана қоңырау шалудың өзі мұңға айналған. Дегенмен бұл мәселе алдағы екі ай ішінде толық шешіледі. Жауапты мамандар қазіргі таңда тиісті жұмыстарды атқаруда.
Айта кетерлігі, ауылдық округте көгілдір отын бар. Бірақ, әлеуметтік нысандардың барлығы қатты отынмен жылытылады. Яғни, газға мүлде қосылмаған. Жалпы, бұл мәселе барлық ауылдарда бар екені жасырын емес.
Сондай-ақ, Үшарал және Арал ауылдарын байланыстыратын жолдың сапасы сын көтермейді. Ауданның жауапты мамандары ол бойынша тиісті құжаттардың барлығын дайындап қойыпты. Демек, қос ауылдың арасындағы жол жақын арада қалыпқа келмек.
Үшарал ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл тілге тиек ете кетерлігі, мәдениет ошағы кепілде тұр екен. Нақтырақ айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі техникалар алу үшін осы мәдениет үйін кепілге қойған екен. Қазіргі таңда кооператив қарыздың басым бөлігін қайтарып қойған. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстары келер жылдан бастап қарастырылатын болады.