Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов ағымдағы жылы 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылып отырғандығын атап өтті. Аталған округтердегі жалпы 13 157 аулада 69 514 адам тұрады. Алдын ала жасалған скрининг нәтижесінде 3923 жобаға 18,6 млрд. теңге қажет.
Бүгінгі күнге жалпы көлемі 10,8 млрд. теңгеге 1795 өтінім келіп түскен. 26 округтің барлығында кооперативтер құрылып, тіркеуден өтті.
11,5 млрд. теңге «Тараз» ӘКК» АҚ-на аударылып, өтінімдерді қаржыландыру жұмыстары басталған.
Алайда, арнайы құрылған жұмысшы топ 14 ауылдық округтерге мониторинг жүргізіп, кооперативтер және ауылдық округтер бойынша бірқатар жүйелі мәселелерді анықтаған.
Өз кезегінде «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Әбілхайыров баяндама жасап, қаржыландыруға қатысты жайттарға тоқталды.
Ол кепіл шартын тіркеу мерзімінің ұзақтығын, ауыл тұрғындарының несиеге өтініш беру кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің №47 қағидасына сәйкес жеке кәсіпкер болып тіркелуі қажет, алайда тұрғындар тарапынан жеке кәсіпкерлікті несие мақұлданғаннан кейін ашу бойынша шағымдар түсіп жатқандығын, берілген қаражатты қолма-қолсыз игеруге және сатып алынатын малды басқа өңірден алып келуге байланысты өтініштің азайып отырғандығын жеткізді.
Облыс әкімі анықталған кемшіліктерге нақтылай тоқталып, ол жұмыстарды ұтымды үйлестіруде жұмысы сылбыр басшыларды сынға алды.
Аймақ басшысы жауаптыларға зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді жою, ауыл тұрғындарының пай үлестерін кооперативпен бірігу арқылы, жерлерін игеру бойынша жұмыстарын ұйымдастыру, құрылған кооперативтің сұранысына сәйкес аудандық жер қорынан ауыл шаруашылығы жерлерін беру, барлық ауыл шаруашылық кооперативтерінің техника тұрағы, қойма және басқа да қажеттілікке сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ауылдық округтен арнайы жер беруді ұйымдастыру секілді мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «Ауыл аманаты» жобасының тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңыздылығын баса айтып, жобаны белсенді әрі тиімді жүзеге асыру бойынша Жамбыл облысы өзгелерге үлгі болып қалу керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, жиын барысында вегетациялық кезеңді өткеру барысы туралы да талқыланып, кездесіп отырған мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау, суды кесте бойынша тиімді әрі үнемді пайдалану қажеттілігі айтылды.