Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясының «Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындарды Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
Баршаңызды елдігіміздің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күні мемлекет ретінде қалыптасуымызға бастау болған Егемендік туралы декларация қабылданды. Еліміз дербес мемлекет ретінде дүниежүзіне таныла бастады.
Әлем картасында Қазақстан Республикасы деген ел пайда болып, еліміздің егемендігі мен территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
Осы бір қастерлі құндылыққа ұмтылу, еркіндік үшін күресу – тәуелсіздігіміздің тарихи бастаулары болғандығы белгілі. Тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымыз мемлекеттігіміздің іргетасы десек, әлемдік аренада Қазақ елінің мәртебесін арттыру – болашақ үшін аса маңызды қадам болмақ,-деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ, облыс әкімі әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жамбылдықтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген мемлекеттік наградаларды тапсырды.
Атап айтқанда, бір топ азаматтарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар «Парасат», II дәрежелі «Достық», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы», Ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және ҚР Құрмет Грамотасы, ҚР Президентінің Алғыс хаттары табысталып, Қазақстан Республикасында ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, шара барысында облыстық мәслихаттың шешімімен 8 азаматқа «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ақын-қаламгер және мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғауға айрықша үлес қосып жүрген азамат бар.
Жиында өзге де азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі және облыс әкімінің Құрмет грамоталары да табысталды.