29 сәуір күні Қордай ауданы, Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты 5 апталық республикалық экологиялық акциясы аясындағы «Өнегелі ұрпақ» тақырыбында аудан жастары Мамбеталиевтер отбасылық бақшасына жеміс ағаштарын отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Жастардың мақсаты – Президенттің бастамасына қолдау көрсете отырып, өзге де тұрғындарды тазалық акциясына атсалысуға шақыру, қарттарға қамқорлық, құрмет көрсету. Осы ретте жастар қолдарына күректерін ұстап, жеміс ағаштарын егіп, қарияның бақшасын тазалап берді.
— Мен осындай мейрімді жастардың барына қуанамын. Бүгін көктемнің шуақты күнінде үйге келіп жылы сөздерін айтып, үй шаруасына көмектесіп, ауламды және бақшамды тазалап берді. Жастармен бірге шай ішіп, көңілім көтеріліп қалды. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деймін. Елімізде көмекке мұқтаж жандар бар. Жасымыз келгеннен кейін үй шаруасына жарамаймыз, — дейді бағбан Г.Мамбеталиев.
Өз кезегінде белсенді жастар қарияларға көмек көрсету өскелең ұрпақтың парызы екенін атап өтіп, осындай ізгілікті істер өзге де елді мекендерде ұйымдастырылса деген тілегін де жеткізді.
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, елімізде «Таза Қазақстан» атты бес апталық республикалық экологиялық акциясы ағымдағы жылдың 11-і сәуірінен басталды. Ауданда акцияға 2300 адам мен 35 мекеме жұмысшыларымен қатысты, 7 бірлік техника қатысып, 300 аула тазаланды, жұмыстар қорытындысымен 40 000 т. қоқыс шығарылды.
«Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында 2500 адам мен 30 мекеме жұмысшылары қатысты. 5 бірлік арнайы техника және 1300 ағаш отырғызылды, оның ішінде 150 ағаш қайта отырғызылды.