Өзбек бірлестігі Наурыз мерекесіне орай салт-дәстүрлерін таныстырды

0 2

Жамбыл облысында ұлтаралық татулық пен мәдени әралуандықты дәріптей тағылымды түсірілім жұмысы өтті. Бүгін аймақтағы өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен этностың салт-дәстүрі мен тағамдары кеңінен насихатталып, көпшілікке таныстырылды. Аталған шараны облыстық «77 арна» телеарнасы арнайы түсіріп, өңір жұртшылығына ұсынды.
Іс-шара барысында өзбек Аналар кеңесінің төрайымы Дилиорум Каримова өзбек халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салттары – келін түсіру рәсімі, олардың тәрбиелік мәні мен мазмұнын жан-жақты түсіндірді. Бұдан өзге сәлем салу дәстүрі көрініс ретінде қойылды. Аналардың ұлттық аспаппен ән айтып, қонақтарды қарсы алуы, келіннің инабаттылығы мен үлкенге құрмет көрсетуі, отбасы құндылықтарын сақтау да этностың өз ерекшелігіне айналған.
Сонымен қатар түсірілім жұмысы мерекеге орай, Ораза айт қарсаңында ұйымдастырылып, дастарханға өзбек халқының ұлттық тағамдары қойылды. Қонақтарға палау, самса, бауырсақ секілді дәмдер ұсынылып, олардың дайындалу ерекшеліктері таныстырылды. Жиында кеңес мүшелері этностың ең ерекше, әрі құрметті асы – «Сумәләк» тағамының дайындалу жолы, тарихы, құрамы және адамға берер пайдасы мен қасиеттері туралы жарыса айтты. Өз ағайынымызға айналған өзбек этносының жайған дастарханының төрінде қазақтың ет тағамы да орын алды. Кеңес мүшелері еттің тартылу тәртібін де жіті түсіндіріп, қазақ пен өзбек халықтарының бауырластығы, ортақ құндылықтары мен мұсылман халықтары ретіндегі сабақтастықтары туралы баяндады.
Сонымен қатар этностың келін алған өкілдері айт дастарханын тіпті ерекше етіп жаятын көрінеді. Әрі кемі бір жыл өтпейінше, жаңа түскен келін дастархан басында келген әр қонаққа сәлем салып, шай ұсыну құрметі де бүгінгі түсірілім жұмысында көрініс тапты. Аналар кеңесі өкілдерінің айтуынша, бүгінгі дастархан нағыз достық дастарханына айналған. Себебі үстелге қойылған түрлі этнос өкілдерінің, атап айтқанда, дүнген, татар, ұйғыр, қазақ, өзбек, орыс халықтарының ұлттық тағамдары бір шаңыраққа жиналған этностардай жарасым тапты.
Шара облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Набижон Салахаддиновтың бастамасымен өтіп, өңірдегі өзбек Аналар кеңесінің достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылар мұндай игі бастамалардың қоғамдағы татулықты арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.
«77 арна» телеарнасының таспалаған түсірілімі Жамбыл облысындағы этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысының айқын дәлелі болып, өңірдегі қоғамдық келісім мен бірліктің нығаюына өз үлесін қосты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.