Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев екінші рет ұйымдастырылған «Ой шебері» өңірлік зияткерлік ойынының финалистерімен кездесті.
Кездесуге білім бәйгесінде топ жарған 130-дан астам оқушы мен олардың жетекшілері қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде білімнің маңыздылығына ерекше тоқталды:
– Білімді ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы. Қазба байлық та, технология да, өркендеу де түптеп келгенде білімге сүйенеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу. Осы тұрғыда «Ой шебері» зияткерлік ойыны балаларды шыңдап, ізденіске жетелеп, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Сондай-ақ, аталған жоба арқылы мектеп оқушылары қазақ әдебиетінің асыл қазыналарымен танысып, ұлттық болмыс пен елдік рухты терең түсіне түскені атап өтілді.
– Жастар – елдің тірегі, болашақтың иесі. Тәуелсіздігімізді нығайтып, әділетті қоғам құруға бағытталған бастамалардың өміршеңдігі – өскелең ұрпақтың қолында.
Біз терең білімді адал еңбекпен ұштастыра алатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді басты басымдық ретінде белгілеп, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылы «Ой шебері» зияткерлік ойыны аясында 10 мыңға жуық бала 160-тан астам көркем шығарманы оқыды. Биыл 378 команда білім бәйгесіне қатысып, үздіктері финалға жолдама алды.