Қазақстанда тал мен көшет бағасы қанша

0 3

Еліміздің өңірлерінде жеміс ағаштары мен көкөніс көшетінің бағасы арасындағы айырмашылық рекордтық көрсеткішке жетті. Бау-бақша баптайтындар мұны анық сезінері сөзсіз, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

Қазіргі кезде бау-бақша маусымы басталып жатыр. Соған сай жеміс ағаштары мен түрлі көкөніс көшетіне сұраныс артары белгілі. Өңірлерде баға әртүрлі болып тұр. Соның ішінде алма және қарақат ағашы мен қызанақ, бұрыш, баялды және қырыққабат көшітінің бағасын біліп, салыстырдық.

Жеміс ағаштарының бағасы айтарықтай жоғары. Ең арзаны еліміздің оңтүстігінде сатылып жатыр. Мәселен Шымкент қаласында баға 300 теңгеден, ал Тараз, Түркістан мен Қызылордада 500 теңгеден басталады. Ақтау (800 теңгеден басталады) мен Ақтөбеде де (1 000 теңгеден басталады) баға өзге өңірлерге қарағанда қолжетімді.

Орташа көрсеткіш Алматы (1800–9000 теңге), Қостанай (1500–3000 теңге), Көкшетау (2000–4000 теңге) және Атырау (1500–5000 тенге) қалаларында тіркелді. Бұл қалалардағы баға бір-бірінен алшақ емес.

Баға еліміздің солтүстігінде, орталығында және шығысында жоғары. Өскемен, Семей мен Жезқазғанда жеміс көшеттерінің құны 12 мың теңгеге дейін жетті. Бұл еліміз бойынша ең жоғары баға. Астана, Қарағанды мен Орал қалаларында көп дегенде 10 мың теңге болса, Петропавлда ең арзаны 3 500 теңгеден басталып, 10 мыңға дейін жетеді.

Демек, ең арзаны мен ең қымбатын салыстырғанда баға арасындағы айырмашылық 40 есе болып тұр. Жеміс ағашының құнына климаттық жағдай, логистика шығыны мен көшетті баптау қиындығы әсер етіп тұр. Яғни бау-бақша маусымы кезінде жеміс ағаштарын сатып алу қалтаға күш салады.

Ал көкөніс көшеттеріне таңдау көп және бағасы да әлдеқайда қолжетімді. Ең арзаны Тараз қаласында сатылып жатыр. Мұнда әр көшетті 25 теңгеге сатып алуға болады. Алматы қаласында 50 теңгеден басталса, Шымкентте 80 теңге, Астанада 90 теңге және одан жоғары. Баға төмен, себебі бұл қалаларда жергілікті өндірушілер бар.

Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Көкшетау мен Қызылорда қалаларында баға 100-300 теңге аралығында. Ал Қонаев қаласында және Оралда 400 теңгеге дейін жетеді.

Көкөніс көшетінің бағасы Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Семей, Жезқазған мен Талдықорғанда жоғары. Мұнда әр данасы 500 теңгеден басталады. Қостанай қаласында баға 80 теңгеден басталып, кейбірі 500 теңгеге жетеді. Баға көкөніс сұрпы мен өнім сапасына қарай өзгеріп отырады.

Нарықты саралай келе, Қазақстанда көкөніс көшеттерінің (қызанақ, бұрыш, қырыққабат) бағасы орта есеппен 150-500 теңге аралығында екенін білдік. Еліміздің оңтүстік өңірлері, оның ішінде Шымкент, Тараз, Түркістан, Қызылорда қалаларында жеміс ағаштары мен көкөніс көшеттерінің бағасы төмен болып шықты.

Ал солтүстік, орталық және шығыста, оның ішінде Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Семей қалаларында баға жоғары.

Оған климат, маусымдық сұраныс, жеткізуші мен жергілікті өндірушілер тікелей әсер етеді. Яғни бау-бақша баптайтындарға өңірдің қайда орналасқаны тікелей маңызды. Кейде бағаны салыстырып, шығынды қысқартуға да болатынын ұмытпаған жөн.

Бұған дейін еліміздегі қияр мен қызанақ бағасын білдік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.