Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселесін талқыға салады.
Отырыс қорытындысына орай, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты тілшілердің сауалына жауап береді.
Елімізде азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі Мастер-жоспарды (CAMP) әзірлеу жұмыстары басталды. ИКАО сарапшылары әзірлейтін CAMP Қазақстанның азаматтық авиация жүйесін сапалы әрі теңгерімді дамытуға арналған стратегиялық бағдар болмақ.
Жалпы, қазіргі уақытта азаматтық авиация саласын дамыту мемлекеттік деңгейде басты басымдықтардың біріне айналған. Елде әуежай инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Отандық авиакомпаниялар жыл сайын Батыста өндірілген заманауи әуе кемелерімен өз әуе паркін жаңартып және ұлғайтып келеді. Сонымен қатар, жалпы авиация, пилотсыз авиация секторы белсенді дамып жатыр және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдер енгізіліп жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша әуе кемелері арқылы 20,8 млн жолаушы тасымалданды, әуежайларда 31,8 млн адамға қызмет көрсетілді. Олардың ішінде Астана (9,2 млн адам) және Алматы (12 млн адам) әуежайлары бар. 2028 жылға дейін 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу-қону жолағы, сондай-ақ 5 қаладағы инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары кіреді. Биыл халықаралық маршруттық желіні 30 елде 135 маршрутқа дейін кеңейту жоспарланып отыр (2024 жылы – 115 маршрут). Шетелдік туристерді тарту мақсатында Вена, Рим, Токио, Шанхай және басқа да бағыттарды қамтитын 15 халықаралық маршрутты ашу және қайта жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана және Алматы әуежайларында Q-gate жүйесі енгізілді.
Бүгінгі таңда еліміздің әуежайларында бір тонна отынның бағасы шамамен $800 тұрады, бұл оны көрші елдермен салыстырғанда тартымды ете түседі. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларына жаңа шетелдік компаниялар келе бастады, олардың ішінде Centrum Air (Өзбекстан), Shiraq Avia (Армения), Martinair (Нидерланд), One Air (Ұлыбритания), Atlas Air (АҚШ), MNG Airlines (Түркия) және тағы да басқалары бар.
Авиация саласын дамытудың үш жылдық бағдарламасы аясында өңірлік әуежайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы туристік әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру аяқталуда. Осы туристік маусымда Зайсан әуежайы алғашқы рейстерді қабылдайды.
Сонымен қатар, биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту, Ақтау әуежайының перронын жөндеу және Атырау әуежайы терминалын жаңарту басталады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын пысықталды. Отырыстың күнтәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәліметінше, жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарға жетіп, өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артты. Басымдық жоғары рентабельді дақылдарға берілді. Атап айтқанда, майлы дақылдардың егіс көлемі биыл 4 млн гектардан асады (74 мың гектарға ұлғаяды), мал азығы дақылдары 3,3 млн гектар (237 мың гектарға көп). Дәнді дақылдар алқабы 127 мың гектарға қысқарады. Оның ішінде бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектар болады. Ел бойынша күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта алқабы — 162,4 мың гектар. Оның ішінде тамшылатып суару 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару 12 мың гектарға азаяды.
— Тұқым материалының сапасына мониторинг жүргізуге ерекше назар аударылып отыр. Тұқымға жалпы қажеттілік 2,3 млн тонна. Тексеру қорытындысы бойынша олардың барлығы егіс стандартының 1 және 2 сыныптарына сәйкес келеді. Тұқым сапасын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап тұқым құнын субсидиялаудың жаңа механизмі енгізілді, — деді А.Сұлтанов.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, осы жылдың басынан бастап, фермерлермен су беру бойынша шарттарды жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енгізіліп жатқан ақпараттық жүйе сумен қамтамасыз етудің толық циклін қамтиды: өтініш беру мен шарт жасасудан бастап, нақты су тұтынуды есепке алу және оны төлеуге дейін. Қазіргі уақытта 25 мыңнан астам электрондық шарт жасалған.
Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев шілдеде Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Ақтөбе өңірінің басым бөлігінде температура 1-2 градусқа артуы мүмкін екенін ескертті.
— Шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы норма шегінде болады деп болжанып отыр. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Ақтөбе өңірінің басым бөлігінде температура 1-2 градусқа артуы мүмкін. Шығыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көп, ал солтүстік және орталық өңірлерде негізінен норма шамасында. Бұл ретте елдің батысында болжам бойынша жауын-шашын нормадан аз болады, — деді Е.Нысанбаев.
«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карағойшин осы фермерлерге қаражат бөлу жайына тоқталды. Оның дерегіне сай, осы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кемінде 750 млрд теңге бөлінбекші, бұл 9 мың ауыл шаруашылық кәсіпкерін камтып, 9 млн гектар жерді игеруді қамтамасыз етеді.
— Айта кету керек, 2023 жылмен салыстырғанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржыландыру 5 есе өсті. Қарыз алушыларды көбірек қамту үшін кредит тікелей Аграрлық несие корпорациясының филиалдары арқылы және қаржы институттары арқылы да беріледі. Басқа қаржы институттары арқылы берілген барлық несиелердің үлесі шамамен 72%-ға жетті, — деді «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов бірқатар министрлік пен облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
— Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен және «Бәйтерек» холдингімен бірге диқандарды барынша қамти отырып, өтінімдерді қарау және жеңілдетілген қаржы бөлу рәсімдерін оңтайландырсын. Олар басы артық әкімшілік кедергілерге тап болуға тиіс емес. Барлық өтінімдерді тез әрі ашық түрде қарау қажет. Сонымен қатар егіншілердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге аймақтарға да таратып, револьверлік қаржыландыру тетігін қарастыруы қажет, — деді Премьер-министр.
Сонымен қатар ол шегірткенің таралу қаупін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірге жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, зиянкестерге қарсы профилактикалық және қорғаныс шараларын қабылдау тиіс екенін ескертті. Олардың таралу болжамдарын қайта қарап, шұғыл әрекет ету үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді тапсырды.
— Вегетациялық кезеңнің басталуын ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге оңтүстік өңірлерді егінге қажетті сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын. Ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу қажет. Су тапшылығының қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды қарастырып, диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандыратын кешенді шараларды іске асыру керек. Бірқатар оңтүстік аудандарда фермерлер тарапынан су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселелерді шешу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Қорыта айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егіс жұмыстарының уақтылы аяқталуын және жазғы егіс науқанының сапалы өтуін бақылауды қамтамасыз етуі қажет, — деді Олжас Бектенов.