Жамбылдық полицейлер бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде облыс орталығының тұрғынынан Тараз қалалық Полиция басқармасының 1-полиция бөліміне пәтерінен құны 150 000 теңге тұратын ноутбук пен банк картасы ұрланғаны туралы арыз келіп түсті.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады.
Оның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде ескі монеталардан бастап ұялы телефондар, бағалы заттар, қымбат сағаттар және патрондар мен қаруға дейін әртүрлі заттардың 100-ден астам түрі анықталды.
Күдіктінің пәтерінде табылған әрбір заттың қылмысқа қатыстылығы тексерілетін болады.
Қазіргі уақытта күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалып, Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.