Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 1800-ге жуық көпбалалы отбасы тіркелсе, ол еліміздегі кезекте тұрған 28 100-ден астам көпбалалы отбасының 6,2 пайызын құрайды , деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл пәтер кезегін жылжыту үшін өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтар болсақ, биыл Тараз қаласындағы көпбалалы отбасыларға 142 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1 миллиард 191,0 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, ол пәтерлер 3 бөлмеден жоғары, көлемі 60-90 шаршы метрден кем болмайтын көрінеді.
Сондай-ақ, әр пәтердің құны 8 миллион 400 мың теңгеден аспайды деп есептелген. Сондай-ақ, облыстағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана салынып жатыр. Аталған жатақханаларда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар тұрғын үй кезегі келгенше сатып алу құқығынсыз уақытша паналай алады.
«Облыс әкімінің бастамасымен тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларының кезегі келгенше баспанамен қамту мақсатында 612 пәтерлі 12 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 478 пәтерлі 9 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 3 жатақхана 2020 жылы тапсырылатын болады», — деді Еркебұлан Дауылбаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 217,7 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 109,8 пайызды құраған. Есепті кезеңде қала бойынша 18 568 адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. Оның ішінде 1784-і көпбалалы отбасы, 29 жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар – 1953, әлеуметтік жағынан қорғалатындар – 8955 және мемлекеттік, бюджеттік және әскери қызметкерлер 5876 адам.