1 желтоқсан еліміз бойынша Тұңғыш Президент күні түзеу мекемесінде де кең көлемде аталып өтті. Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде айтулы датаға орайластырып салтанатты жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жазасын өтеушілер мерекелік сап түзеп, іс-шараның шымылдығы мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбековтың құттықтау сөзімен түрілді. Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегі, сыдарлы саясаты мен көшбасшылық қырларына тоқталып, ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген жетістіктер тілге тиек етілді.
Мұнан соң түрлі спорттық ойындар, концерттік бағдарлама өткізілді. Сонымен қатар, айтулы датаға орай қабырға газеті сайысында сотталғандар сынға түсті. Өз қиялы мен қарымын ұштастырып қағаз бетіне түсірсе, 10-нан астам қылқалам туындысы бәсекелі додада бақ сынады. Әр түрлі жанрда салынған суреттер арасында С.Артеменко, С.Елгундинов, А.Шамахунов, Д.Сансызбаев, В.Третьяковтардың еңбектері үздік деп танылды. Қарсыластар қатарында белсенділік танытқандар ынталандыру ретінде марапатталып, алғыс хат табысталды.