Таразда жаңа сауда үйі мен 2 көтерме-тарату орталығы ашылады

0 7

Таразда таяу арада жаңа сауда үйі мен 2 көтерме-тарату орталығы ашылады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысандардағы жұмыстармен танысты. Кәсіп иелерін алаңдатқан мәселелерді тыңдап, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төле би көшесінде орналасқан «Grand Passage» сауда үйі ашылған соң, жаңа жұмыс орындары пайда болып, жергілікті бюджетке мол қаражат түседі. Мұнда азық-түліктің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің көтерме саудасына ең үлкен аумақ берілетіндіктен, баға тұрақтылығын сақтауға арналған логистикалық орталық қызметін де атқарады.

– Бұл жердегі көтерме сауда Тараз ғана емес, бүкіл облыс халқын қол жетімді бағадағы сапалы, сондай-ақ  сертификатталған тауармен тұрақты әрі жыл бойы қамтамасыз етеді. Сауда үйінің жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге жуықтайды. 30 мыңында сауда-саттық және сауда-саттыққа жатпайтын тауарлар босатылады. Нысанда бутиктер, көкөніс, жеміс-жидек орындары және кіреберіс тұста кафелер мен тез дайындалатын тағам қызметі орналасады. Барлық сауда нүктелері әкімшілік-тұрмыстық, қойма бөлмелерімен жабдықталған және мың автокөлікке арналған тұрақ жұмыс істейді. Сауда үйінің қызметіне мыңға жуық кәсіпкер, сондай-ақ қызмет көрсетуші және әкімшілік мамандар тартылмақ. Кешен бір мезгілде екі мыңнан астам келушіні қабылдай алады деп жоспарлануда, — деді сауда үйінің басқарушысы Айбек Нұрәлиев.

Аймақ басшысы ғимарат ішіндегі санитарлық жағдай, қауіпсіздік және сауданы ұйымдастыру шараларына баса мән берді. Көкөніс және ет сатылатын бөлімдерде санитарлық тораптардың бар екендігіне көз жеткізілді. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары орнатылып, тәулік бойы кезекшілік ететін күзет қызметі құрылған.

– Әуел бастан тәртіпті қамтамасыз ету керек. Сіздерде автокөлік қоятын үлкен орын бар. Мұнда жабайы саудаға мүлдем жол берілмеуі керек. Коммерциялық қызмет тек қана бутиктер мен сауда павильондарында жүзеге асырылуы тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.

Көтерме-тарату орталықтары өнімді өндірушілерден сатып алып, еш бұзбастан ұзақ уақыт сақтауға міндетті. Орталықтың алғашқысы Таразда, ал екіншісі Байзақ ауданында орналасады.

Қазірдің өзінде «Тараз» көтерме-тарату  орталығы қоймаларының бірі толықтай жабдықталған. Мұндай қоймаға бес мың тоннаға дейін өнімді сыйғызуға болады. Онда тауарлар озық техникалар мен салқындату технологиясының арқасында өз сапасын әлдеқайда ұзақ сақтай алады.

– Қазір орталықтың басты мәселесі карантинмен байланысты болып отыр. Жабдық Ресейден сатып алынған. Сол себепті карантиннің аяқталғанын күтеміз, сосын жабдықты орнататын мамандар келеді. Олар маусымның ортасына таман келіп қалады, содан кейін барып қана қойма толығымен жұмыс істейтін болады. Ал кәсіпкерлер осындай тағы 9 қойманы салуды жоспарлап отыр. Осылайша ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері ұзақ мерзімге сақталмақ, – дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Каржауов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.