Жамбыл облысында ірі сүт фермасы салынуда

0 3

Жамбыл облысына Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылында 1200 сауын сиырға арналған тауарлы ферманың құрылысы жүріп жатыр. Жоба толық аяқталғанда мұнда сүт өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады. Сондай-ақ кәсіпорын иесі мал азығын дайындаудың тың тәсілін де игеруде, — деп жазады «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» серіктестігі аймақтағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі және бірегейіне  жатады. Мұнда мүйізді ірі қара мен шошқа өсіріледі.

Мал азығы да шаруашылықтың өзінде өндіріледі. Серіктестік 500 гектарға жуық алқапқа дәндік және сүрлемдік жүгері егіп, мал азығының сапалы болуына баса мән беруде.. Шаруашылықтың агрономы Мирали Өтенов бізге жұмыс барысын әңгімелеп берді:

Мен «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде агроном болып жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің агрономия факультетін бітіріп келген соң бірден ауылдағы осы шаруашылыққа жұмысқа қабылдандым. Аталған шаруашылық негізінен мал шаруашылығымен, өңдеу өнеркәсібімен айналысады. Малға қажетті азықты да өзімізде дайындаймыз. Мал азығының егілу технологиясына баса мән берілмесе алқаптан алынатын өнімнің де сапасы жақсы болмайды. Сол себептен, барлығын тиісті агротехникалық шараларды қолдану арқылы еккенбіз. Жүгерінің «Сармат» және «Елена» деп аталатын Украйнадан әкелінген сортын егілуде. Бұл тұқым мол өнім береді. Әбден пісіп-жетілген жүгері алдын ала дайындалған шұңқырға көміліп, одан сапалы мал азығы дайындалады. Жұмысымыз жоғары қарқынмен жүруде,-деді.

Шаруашылықта сонымен қатар, 700 гектардай алқапқа арпа, бидай, жоңышқа, экспарцет өсіріп жатыр. Мұның бәрінен дайындалған сапалы мал азығы жыл он екі ай сауын сиырларға, бордақы малдарға беріледі.

-Қарамағымызда өзімізге тиесілі 2500 гектар жер бар. Күн сайын 10 тонна сүт өндіреміз. Ет-сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Былтыр тауарлы ферманың құрылысын бастағанбыз. Облыс әкімі келгенде құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін көмек көрсетуін сұрағанмын. Субсидия мәселесі қолбайлау болып тұр. Мәселе оң шешімін тапса жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім көлемі де ұлғаяды,-дейді Егор Кох.

Leave A Reply

Your email address will not be published.