Мәжіліс тақтатас мұнайын өндіруді ынталандыратын заңды қабылдады

0 2

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Бұл заң 2025 жылдың 8 қазанында Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданды. Оның негізгі мақсаты – аз зерттелген провинцияларда көмірсутектерді барлауға инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлау мен өндіруге басым құқық беру, сондай-ақ уран саласында мемлекеттің мүддесін қорғау.

— Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар мүдделі министрліктер мен ұлттық компания басшыларымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, минералдық-шикізат базасын ұлғайтуға және геологиялық барлау жұмыстарын, соның ішінде аз зерттелген, бірақ перспективалы аумақтарды жандандыруға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерісті егжей-тегжейлі талқылады. Мәселен, игеріліп жатқан аумақтар шегінде қосымша барлауды ынталандыру мақсатында келісімшарттық аумақтардың ауданы сақталған жағдайда, қолданыстағы кен өндіру учаскелерін тереңдетуге мүмкіндік беру ұсынылады. Қазіргі кезде қолданыстағы өндіру учаскесінің шегінде терең көкжиектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын тек аукцион арқылы алуға болады. Бұл норманың өзіндік қиын тұстары бар. Егер аукцион нәтижесі бойынша терең барлауды жаңа жер қойнауын пайдаланушы ұтып алса, онда оған, сол кен орында жұмыс жасап отырған жер қойнауын пайдаланушының инфрақұрылымын пайдалану қиынға соғады, — деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Осыған орай жаңа норма мұнай-газ кен орындарын игеріп отырған жер қойнауын пайдаланушыларға пайдаланып отырған учаскелерін (тау-кен алаңдарын) 5000 метрге дейін тереңдетуге құқық беру жаңа кен орындарын іздеуге ынталандырады, қорлардың өсімін қамтамасыз етеді, жер қойнауын пайдаланушының инвестиция тартуға қызығушылығын арттырады және мемлекетке жаңа геологиялық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

— Заңның тағы бір жаңалығы – ауыр және тақтатас мұнайы сияқты өндіруі қиын көмірсутектерді игеруді ынталандыру. Мұндай кендерді игеру қымбат технологиялар мен арнайы экономикалық жағдайларды талап етеді. Депутаттар осындай жобалар үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарттың критерийлерін кеңейтуді ұсынды, өйткені тиісті қолдау шараларынсыз бұл жобаларды іске асыру экономикалық жағынан тиімсіз болады. Үкімет бұл бастаманы қолдады. Бұл орта мерзімді перспективада Шығыс Қазақстан облысындағы Сарыбұлақ (ауыр мұнай) және Қызылорда облысындағы Қарағансай (тақтатас мұнайы) кен орындарын игеруге мүмкіндік береді. Олардың жиынтық алынатын мұнай қоры А,В,С1 + С2 санаты бойынша – 18,7 млн тонна, — деді депутат.

Маңызды заңнамалық бастамалардың бірі – газ және газконденсат кен орындары бойынша күрделі жобаларға үлгілік келісімшарт шарттарына көшу процесін жеңілдету. Бұл шектеулі газ ресурстары мен мұндай кен орындарындағы төмен рентабельділікті ескерсек, өзекті мәселе саналады.

— Атап айтқанда, барлау кезеңінде бұрғылау жұмыстарын орындамаған жер қойнауын пайдаланушыларға күрделі жоба шарттарын алуға тыйым салудың орнына, бұл міндеттемелерді дайындық немесе өндіру кезеңдерінде орындау мүмкіндігін беру ұсынылады. Бұл өзгеріс жаңа кен орнын игеруге мүмкіндік береді. Мысалы, Атырау облысындағы Шығыс Мұнайбай кен орнындағы жиынтық еркін газдың алынатын қоры А,В,С1 + С2 санаты бойынша шамамен 14 млрд текше метр, — деді ол.

Бұған дейін уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын игеруде басым құқық берілетінін жазған едік.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.