Таластық жастар ерекше спорт түрімен айналысуда

0 1

Талас ауданында көгалды хоккей жоғары деңгейде дамуда. Мәселен 2017 жылы ҚР чемпионатында аудандық команда күміс жүлдені қанағат тұтса, 2018 жылы қыздар командасы ел чемпионы атанған еді. Ал, 2019 жылы ерлер құрамасы да Қызылордада өткен жарыста жеңіс тұғырынан көрінген, — деп жазады    “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Көгалды хоккей өңіріміздің барлық ауданында дамуы жағынан кенжелеп келеді. Тек, таластықтар бұл спорт түрінен өзгелерден оқ бойы озық тұр. Себебі, олимпиадалық спорт түріне жататын ойынның ауданда дамуы жоғары. Жас өрендердің дені басқа спорт түріне қарағанда көгалды хоккейге қызықушылық танытады екен. Соның арқасында 18 спортшы ҚР спорт шеберлігіне үміткер атағына ие болған.

Аудан тұрғындарының 30 пайызы яғни 16566 адам тұрақты спортпен шұғылданады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 0,9 пайызға артты. Былтыр «Жастар» жылын өткіздік. Аудан жастары да спортпен белсене айналысуда. Қазіргі кезде 6328 бала тұрақты спортпен шұғылданады,-дейді Талас аудандық спорт бөлімінің басшысы Ерік Қамбарұлы.

Жоғары жетістіктердің арқасында 18- ден асқан хоккейшілер Жамбыл облысының құрамасына іріктелсе, 4 қыз Қазақстан құрамасына кірген. Мұның барлығы үлкен еңбек пен төзімділіктің арқасы.

Мықты спортшыларымыз Жамбыл облысы құрама командасында өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасының кубогына қол жеткізіп, спорт шебері атанып жатыр,-дейді жаттықтырушы Қанат Накипов.

Сәбина Берденова-Талас ауданның тумасы. Ерекше спорт түріне 14 жасында келген. Содан бері үздіксіз жаттығып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіпті. Қазір үздік ойыншылардың біріне айналған. Бүгінде команданың көшбасшысы.

Салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс деп санаймын. 14 жасымда жаттықтырушым денешынықтыру сабағында таңдап, осы спортқа шақырды. Үш жылдан бері қатысып келемін. Көптеген жетістіктерге жетіп, 2019 жылы Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Беларусияға барып келдім,-дейді Сабина Берденова.

Мәлімет ретінде айта кетсек, көгалды хоккей футбол ойынына ұқсас. Ойын барысы 45 минуттан тұрады. Аталған спорт түрі ең алғаш 1861 жылы Англияда пайда болған. Еуропа біріншілігі 1970 жылы өтсе, әлем біріншілігі 1971 жылы ұйымдастырылған. Ал қазақстандық «Динамо» екі рет Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.