Қордай ауданында егін ору науқаны басталды. Күні бүгінайнар ауылдық округіне қарасты «Нұр-Ал» ЖШС-ің егістік алқабына комбайндар түсіп, дәнді дақылдардың алғашқы өнімі қамбаға жөнетілді , – деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Нәсібін Жер-анадан жинайтын шаруалар үшін бұл кезең жауапты саналады. Басты мақсат – орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр. Қуанышқа орай, жиын-терін науқаны мерзімінен кешіктірілмей басталды. Қарқынды жұмыстың куәсі болған аудан әкімі Рүстем Дәулет егістік басында агроқұрылым басшысы Дүйсехан Онгелдиевпен кездесті. Аудан басшысы жұмыс барысымен танысып, өнім көлемі мен еңбеккерлердің қал-жағдайын сұрастырды. Барлық мән-жайды баяндап берген Дүйсехан Онгелдиев биыл егіннің шығымы тәуір екенін жеткізді.
Жалпы, биыл агроқұрылым егістіктеріне 200 гектар «Арна» сұрыпты күзгі арпа, 400 гектар жаздық арпа, 1000 гектар бидай және 300 гектар жүгері егілген. Аудан басшысы шаруалардың жұмысына табыс тілеп, басшылық қашанда диқандардың еңбегін қолдайтынын атап өтті.
Ноғайбай ауылдық округіндегі «Ақтас-Қордай» ЖШС-нің егістігінде де егін орағы қызған шақ. Алып «дала кемесі» егістік алқабында арпа оруға кірісті. — Алғашқы өнім көлемі жаман емес. Бүгінде шаруаның күйі жақсы. Бұрынғыдай жанар-жағармайдың тапшылығы, тұқымның азшылығы сияқты мәселелер жоқ. Биыл 300 гектар арпа, 350 гектар күзгі бидай ектік. Заманауи техника жұмысты кәдімгідей жеңілдетеді, – деген агроқұрылым басшысы Қаныбек Спанов егістікте қалқып бар жатқан «Джон Дир» комбайнына қарай сілтеді. Оның айтуынша Алматы облысындағы «Қазагрофуд» компаниясынан 3 комбайн көмекке жіберілген.
«Дала кемесін» Мақсат Нуриевым, Бауыржан Жылысов және Корал Калимбетов есімді тәжірибелі комбайнерлер басқаруда. — Барлығын кабинада орнатылған компьютерден бақылап отырамыз. Комбайнның жәй-күйі, бункердегі дәннің көлемі, ауа қысымы көз алдымызда. Бұл комбайндар дәнді еш шығынсыз жинайды, – дейді комбайнерлер.
Дәнді дақыл бірден жүк көліктеріне жиналып, қамбаға жөнелтіледі.
Жүк көліктерін жүргізушілер Николай Рябинин, Талғат Калижаров, Бота Кожағұлов есімді жұмысшылар тізгіндеп жүр. Егістікте өрт қауіпсіздігіне аса мән беріледі.