Жамбыл облысында егін ору науқаны басталғанына екі аптадан аса уақыт өтті. Қазіргі кезде бұл жұмыстар Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм және Шу аудандарында қызу жүріп жатыр , – деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Бүгінде облыс бойынша жиналатын 359,9 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 21,9 мың гектары орылып, жалпы түсім 37,9 мың тоннаны (бункерлік салмақта) құрады.
Ал, облыс бойынша әр гектардан алынған өнім 17,3 ц/га құраса, Меркі ауданында — 23,1 ц/га, Жамбыл ауданында — 19,7 ц/га, Шу ауданында — 18,5 ц/га және Қордай ауданында – 18,3 ц/га құрап отыр.
Жалпы биылғы жылы 142,6 мың гектарға күздік, 3,5 мың гектарға жаздық бидай, сондай-ақ 212,2 мың гектарға жаздық және 1,5 мың гектарға күздік арпа егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 26,4 мың гектарға артқан болатын.
Сонымен бірге, аймақта шөп ору науқаны қызу жүруде. Бүгінгі күні 197,6 мың гектар көпжылдық шөп орылса, 720,7 мың тонна пішен, 21,5 мың тонна пішендеме дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.
Сондай ақ Жамбыл ауданында арпа бітік өскен, әр гектарынан 20 центнерден өнім алуды жоспарлап отырған кооператив орақты 2-3 күнде аяқтаймыз деп отыр. Жалпы, аудан бойынша 17545 гектар егін алқабы болса, оның 12945 гектары орылып бітті. Егін орағына 48 комбайн қатысып, оның 9-ы сырттан жегілген.
Ал Қордай ауданында үлгілі қожалықтардың бірі — «Қақпатас-Қордай» ЖШС (басшысы Д.Кошалиев) аймағымызда азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырған іргелі серіктестік. Техникасы сай шаруашылық егін мен қатар мал шаруашылығын қолға алған. Қазіргі таңда егін орағы қарқын алып, 300 тонна жаздық арпа мен 400 тонна күздік бидай қамбаға құйылған.
Айта кетуіміз керек, шілденің алғашқы күніне-ақ қыр төсіне шыққан шаруалар бүгінде ақ егісті шығынсыз жинап алудың қамымен жүр. Өйткені, биылғы жаздың бел ортасында ауа райының сынап бағаны көлеңкелі жердің өзінде 40 градус ыстықты көрсетіп тұр. Ал ашық егістік алқабындағы күннің көзі одан да жоғары. Сондықтан, қырдағы егінді аптап ыстық соғып, астық аласа күйінде бас жарып, масақтағы дәннің мөлшері азайып қалмас үшін шаруалар барын салуда.