Таразда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеттері берілді

16 2

Бүгін Тараз қаласындағы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеті берілді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Қайырымдылық шара Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен тараздық кәсіпкерлер, «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан ұйымдастырылды.

— Карантин кезінде көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында осы акцияны ұйымдастырып отырмыз. Бұл шара барша мұсылман баласы үшін қасиетті мереке саналатын Құрбан айт қарсаңында қолға алынып отырғанын айтқым келеді. Бір аптаға созылатын акция аясында шамамен 1000 отбасыны дәл осындай азық-түлік жинағымен қамтамасыз ету көзделіп отыр, — деді қала әкімі Айтқазы Қарабалаев. 

Аталған азық-түлік жинағының ішінде макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, ұн, шай, сүт секілді өнімдер бар. Сондай-ақ, балалар үшін тәтті нан өнімдері де қарастырылған.

Айта кету керек, аталған акция 7 күнге созылады. Алдағы бір аптаның ішінде жалпы 700-ге жуық отбасы азық-түлік пакетімен қамтылады. Бұл жұмысқа ерікті жастар тартылған.

Індетпен күресу үшін халықтың жағдайына қарай біздің мекеме осындай шешім шығард. Біздің мекеменің басшысы Серік Олжабековтың шешімімен 5 млн қаржы бөліп отырмыз. Енді бұған дейін барлық кәсіпкерлер мен облыстағы жомарт жандар ауруханаларды дәрі-дәрімектер мен  аппаратпен қамтыған болатын. Барлық жұртшылыққа тілейтінім бірлік, жақсылық. Біз біргеміз! — деді «Бином» ЖШС бас директорының орынбасары Мади Алтынбекұлы.

Елдің елдігі сыналған уақытта қолы ашық, жүрегі кең азаматтар қолдау көрсетуден танбай келеді. Коронавирус індеті салдарынан елде енгізілген карантин кезінде қиын жағдайда қалған отандастарға қолдау мен көмек аз көрсетілген жоқ. Соның мысалы ретінде ауруханаларға ыстық тамақ жеткізуді және аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек табыстауды көздеген іс-шараларды атауға болады. Қала кәсіпкерлері осы жолы да кезекті игі іске бастамашы болып отыр.

Сондай-ақ, қаладағы «Садыхан» ЖШС мен «Тәтті себет» дүкендер желісінің басшылығы дәл осы қамқорлық акциясын әрі қарай жалғастыруға ниетті. Сол себепті, жақынымызға жанашыр болуға шақыратын осы сауапты іске үлес қосамын дейтін азаматтар болса, аталған акция ары қарай да өз жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.