Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы асарлатып салынған керемет үлгідегі баспана кілті табыс етілді, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы ауыл азаматтарын ауызбіршіліке шақырып, бағзы дәстүрімізді кеңінен насихаттап жүрген қазына қариялармен әңгімелесіп, баспана жайын сұрады.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаевтың айтуынша, таразыда салмағы ауыр амалға жергілікті кәсіпкерлер мен көпшілік демеушілік жасаған. Іргетасынан бастап, ішкі жиһаздарына 7 млн аса қаражат жұмсалған. Ақсақал бастысы шығын емес, қоналқадан естілген бала-шағаның сыңғыр күлкісі екенін де тілге тиек етіп, сауапты іске атсалысқан барша игі жақсыларға алғыс-алқауын білдірді.
Баспанаға зер салған өңір басшысы бөлмелерді аралап, отбасы мүшелерімен тілдесті.
Айта кетейік, ауданда игілікті іске бейіл берген тұрғындар 10 ауылда баспана көтеріп жатыр.