Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің «Медиа орталығы» КММ -нің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Орталықта әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға қала тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға жауап беріледі. Сондай-ақ, Тараз қаласы жайлы медиа ресурстардағы ақпараттың мазмұнын сараптаумен айналысады.
Тек бұл ғана емес, мұнда республикалық БАҚ пен интернет ресурстарда әкімдік жайлы шыққан ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізумен қатар, олардың қорытындысы бойынша тиімді ұсыныстар дайындалады. Бұған қоса, әкімдік имиджін көтеруге бағытталған бейнероликтер мен инфографикалар, баннерлер әзірленеді.
Мерекелік іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және SMM мамандары қатысты.
— Ертең ҚР Тұңғыш Президент күні! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамып, өркендеуіне қосқан орасан ерлігін, игі істерін еліміздің түкпір-түкпірінде жастарға өнеге болсын деп, мереке қарсаңында көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тікелей тапсырмасымен осы орталық өз жұмысын бастап отыр. Орталықтың міндеті халықпен кері байланыс орнатып, қала тұрғындарының кез-келген сұрағына жауып беру және соның шешімін табу, — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.
Бұдан кейін орталықтың лентасын Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын Ғани Әлімқызы мен ардагер журналист Амангелді Нұрпейісов қиып, мекеме жұмысы таныстырылды.
Медиа орталықтың ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Мұнда қонақ қабылдайтын, арнайы тікелей эфирге шығатын студия мен монтаж, ақпарат жасалатын арнайы бөлмелер бар. Барлығы қажетті құралдармен жабдықталған.
Медиа орталықта 13 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде журналистер, smm және бейнеқұрастырушы мамандар бар.