Шекарашылар – ел шебінің қалқаны

0 2

18 тамыз – шекарашылар күні. Еліміздің тыныштығы үшін кірпік қақпай жұрт мүддесін әрдайым басты орынға қоятын азаматтардың айтулы мерекесі.

Қазақстанда 18 тамыз – шекарашы күні мереке болып 2012 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің №372 Жарлығымен бекітілген.

— «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы» 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына толықтыру енгізу енгізілсін. Аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер тізімі мынадай 171-тармақпен толықтырылсын, 18 тамыз – шекарашы күні,- делінген құжатта.

Мемлекеттік шекараны қорғау шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуден тұрады және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, шекаралық, әскери және өзге де шараларды қолдану жолымен іске асырады.

Мемлекеттік шекараны қорғауға Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары қатыса алады.

Шекара қызметі бірнеше бағыттан тұрады:

Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету;
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу (мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлiк құралдарын, жүк пен тауар өткізу);
Шекаралық бақылау;
Мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету;
Шекара режимін бақылау;
Өткізу пункттері режимін бақылау;
Аумақтық және ішкі су режимін бақылау;
Континенттік қайраң режимін бақылау;
Шекарадағы тосын оқиғаларды шешу;
Шетелдегі мекемелерді физикалық қорғау.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету аясында құзырлы органдармен бірлесіп әрекеттеседі.

Ресми мәліметке сүйенсек, биыл 6 айдың ішінде шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңын бұзған 5 359 азамат ұсталды, оның ішінде 4 696 шетел азаматы бар.

Мемлекеттік шекара арқылы 1 569 заңсыз өту фактісінің жолы кесілді, атап айтқанда:

62 – қару мен оқ-дәрі;
22 – діни әдебиет (346 дана);
470 – жалпы құны 6,8 млн теңгеден асатын жанар-жағармай;
837 – жалпы құны 2,8 млрд теңгеден астам тұтыну тауарлары;
178 – жалпы құны 1,5 млрд теңгеден астам шетел валютасы.
Сондай-ақ шекарашылар 58 браконьерлік фактінің алдын алды:

— 25 дана жүзу құралы;

— жалпы ұзындығы 20 шақырымдық ау тәркіленді.

Осылайша, шекара қызметі шамамен 34 млн теңге залалдың жолын кесті.

Айта кетейік, елімізде шекара қызметі жайлы «Отан сақшысы – ел шебінде» атты апталық газет шығады.

Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қырғызстанмен шекарада орналасқан «Қордай» өткізу пунктінде Qgate автоматтандырылған төлқұжаттық қадағалау жүйесі пилоттық режимде енгізілді. Qgate жүйесі шекарадан өту уақытын бір жарым минутқа дейін қысқартты.

Сондай-ақ биыл шілдеде жүк көліктерін Қазақстан мен Қытай шекарасынан жүргізушісіз өткізетін ақылды кеден іске қосылды.

Еске сала кетсек, бірнеше жыл бұрын шекара қызметінің 30 жылдығына орай ауқымды шолу жасаған едік.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.