Цифрландыру – отбасын қолдау жүйесін жетілдірудің жаңа бағыты

0 7

Отбасы – мемлекеттің іргетасы, қоғамның алтын діңгегі. Қазақ халқы ежелден отбасы берекесіне, ұрпақ тәрбиесіне, адамгершілік пен қайырымдылыққа айрықша мән берген. Бүгінгі таңда да отбасылық құндылықтарды сақтау, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр. Осы бағытта елімізде ауқымды институционалдық жұмыстар қолға алынып, соның ішінде цифрлық технологияларды енгізу арқылы отбасына көрсетілетін көмектің тиімділігі арттырылуда.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елімізде 234 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың қызметін тиімді үйлестіру, ақпарат алмасу үдерісін жеделдету, көмекті нақты әрі дер кезінде көрсету мақсатында FSM Social атты жаңа цифрлық қосымша іске қосылды. Бұл – отбасының әлеуметтік ахуалына талдау жасап, дерек жинақтап, кешенді көмек көрсетуге арналған бірыңғай жүйе.

– «Цифрландыру – әлеуметтік көмекті жаңа деңгейге көтеретін сенімді құрал. Бұрын отбасының мәселесін анықтау үшін көптеген қағазбастылыққа, мекемелер арасындағы ұзақ келісімдерге уақыт кететін. Қазір FSM Social жүйесінің арқасында біз отбасы туралы барлық деректі бір жүйеде көріп, нақты шешім қабылдаймыз. Бұл – уақыт үнемдеу, жеделдік және адами факторларды азайту деген сөз», – дейді Эльмира Мырзағали Иниятқызы, Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы әлеуметтік қолдау орталығының үйлестірушісі.

Бұл жүйе арқылы отбасының мәртебесі, тұрмыстық жағдайы, жәрдем алу тарихы, әлеуметтік қолдау алу деңгейі туралы ақпарат толық қамтылады. Оған қоса, FSM Social жүйесі арқылы психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер және басқа да мамандардың жұмысын үйлестіріп, нақты сұранысқа орай бағыттайды. Еңбек, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланыс нығайып, отбасымен кешенді жұмыс жүргізіледі.

Мәселен, Тараз қаласында енгізілген «Отбасылық сандық карта» жобасы – цифрлық жүйенің тиімділігін көрсететін жарқын мысал. Бұл карта арқылы әр отбасының әлеуметтік ахуалы үнемі назарда ұсталып отырады. 2024 жылы Тараз қаласы бойынша 7272 отбасы Е-санатына енгізіліп, соның ішінен 35 күрделі жағдайдағы отбасы ерекше бақылауға алынып, нақты көмек көрсетілді.

– «Отбасылық карта – бұл отбасылармен мақсатты әрі дер кезінде жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін жүйе. Мұндай карта болмаған кезде біз кейде нақты отбасының қандай қиындық көріп отырғанын біле алмайтынбыз. Ал бұл жүйе бізге әр жанұяға жеке тәсілмен келуге жағдай жасап отыр», – дейді Эльмира Мырзағали Иниятқызы.

Цифрландырудың тағы бір маңызды қыры – мобильді топтардың жұмысы. Отбасылық карталар мен FSM Social жүйесіне тіркелген отбасыларды зерделеу үшін әлеуметтік, білім, құқық қорғау, денсаулық сақтау мекемелерінің мамандарынан құралған мобильді топтар жүйелі түрде мекенжайға барып, отбасымен жеке жұмыс жүргізеді.

– «Мобильді топтың басты мақсаты – отбасының шынайы жағдайын көзбен көріп, нақты шешім қабылдау. Кейде адамдар көмек сұрауға ұялады, немесе жағдайын толық түсіндіре алмайды. Ондайда біз өзіміз барып, мәселесін анықтаймыз. Қазір FSM Social жүйесінде тіркелген деректер арқылы мобильді топтар нақты қандай маман керек екенін алдын ала біледі», – дейді Эльмира Мырзағали Иниятқызы.

Сонымен қатар цифрландыру қашықтан кеңес беру қызметін де жолға қоюға мүмкіндік берді. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында зардап шеккендерге дер кезінде құқықтық көмек көрсету өте маңызды. Мысалы, 2024 жылы «Анаға тағзым» орталығының заңгерлері 19 әйелге телефон арқылы кеңес берген. Олар алимент өндіру, тұрғын үй алу, несиелік міндеттемелерді жеңілдету сияқты мәселелер бойынша нақты құқықтық бағыт-бағдар алды.

– «Кейде отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер ашық көмек сұрай алмайды. Ондайда телефон арқылы кеңес беру – үлкен мүмкіндік. Біз құпиялықты сақтай отырып, заңды да, әлеуметтік де қолдау көрсетеміз. Бастысы – адам өзін жалғыз сезінбеуі керек», – дейді Эльмира Мырзағали Иниятқызы.

Мұндай жүйелердің арқасында отбасылардың цифрлық сауаттылығы да арта түсуде. Отбасыларға арналған арнайы тренингтер, онлайн курстар, Egov қызметтерін қолдану бойынша оқыту жұмыстары жүргізілуде.

– «Қазір көп адам өзіне тиесілі көмекті қалай алатынын білмейді. Цифрлық сауаттылық болмаса, FSM Social-дағы мәліметтер де толық болмайды. Біз аналарға электронды қолтаңба алуды, құжаттарды онлайн рәсімдеуді үйретіп, өмірін жеңілдетуге күш салып келеміз», – дейді Эльмира Мырзағали Иниятқызы.

Цифрландыру арқылы жасалған басты жаңалықтың бірі – ведомствоаралық байланыс. Бұрын бір отбасының мәселесін шешу үшін бірнеше мекеменің арасында келісу уақыты кететін. Қазір FSM Social арқылы сол отбасы туралы мәліметтерді білім беру бөлімі де, денсаулық сақтау мекемесі де, әлеуметтік қорғау саласы да бір мезетте көріп, бірлесіп әрекет етеді. Бұл – бюрократияны қысқарту, адам тағдырына шынайы жанашырлықпен қарау.

Жамбыл облысы бұл салада республикаға үлгі боларлық нақты жұмыстар атқарып отыр. ОСК жобасы мен FSM Social жүйесінің тиімділігі тек қалада емес, аудандарда да байқалуда. Мысалы, Шу, Байзақ, Жуалы, Сарысу аудандарында да мобильді топтар, кеңес беру пункттері, әлеуметтік көмек бағытындағы мекемелер белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

– «Біздің міндет – бірде-бір отбасы назардан тыс қалмауы. Ол үшін жаңа технологияны тиімді пайдалануымыз керек. Цифр – бұл салқын жүйе емес, керісінше адамның тағдырына жылулық әкелетін құрал. Әрбір отбасының артында өмір, үміт, болашақ тұр. Сол болашаққа бірге қадам басу – біздің борышымыз», – деп қорытындылады Эльмира Мырзағали Иниятқызы.

Цифрландыру отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін сенімді тетікке айналды. Мемлекет пен қоғам осы жүйені дамыта отырып, отбасылардың әл-ауқатын арттыруға, қиын жағдайдағы жандарға қол ұшын созуға, халықтың билікке деген сенімін күшейтуге үлес қосады. Ең бастысы – бұл жүйеде әрбір отбасы, әрбір азамат назарда болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.