Әзербайжандық суретші бес жылдан бері кофеден түрлі суреттер салып келеді

0 43

Кофені тек сусын ретінде ішіп қана қоймай, оның көмегімен сурет те салуға болады.

Кофе-арт – заманауи поп-өнердің танымал бағыты. Әзербайжандық суретші бес жылдан бері кофеден түрлі суреттер салып келеді.

Қылқалам шебері, суретші Эльмира Камин кофені мүлдем ішпейтінін айтады. Оған тек жұпар иісі ғана ұнайды екен. Ал бұл сусынның көмегімен сурет салуға сәулет және құрылыс университетінде оқып жүрген кезінен әуестене бастаған. «Кескіндеуді жасыл дәрімен де салып көргем, бірақ кофе сынды болмайды», – дейді өзі.

Эльвина Керим, суретші:

Кофемен салынған суреттің ерекшелігі иісінде. Яғни жұпар және хош иісі көңілді көтеріп, шабытыңды ашады. Тек қара және ұсақталған кофені қолдану керек. Оған су қосып еземін. Кәдімгі бояумен салғаннан, қиынырақ, әрине. Суды шамадан көп қосуға да болмайды. Сол себепті барлығын өлшеп-пішіп отырған жөн.

Эльвина елдегі кофе кескіндемесінің алғашқы шебері ретінде өнердің бұл түрін басқаларға да үйретсем дейді. Оның айтуынша, туындыларға халықтың қызығушылығы да артып келеді.

Эльвина Керим, суретші:

– «Кофеге бояу қосасың ба?» деп сұрайды барлығы. Мен тек бір материалмен жұмыс істегенді ұнатамын. Сондықтан ешқандай қоспаны қолданбаймын. Тек екі туындымда ғана қара түстер алу үшін бояу қостым. Дегенмен кейінірек кофеден де қошқыл түстер дайындауды үйреніп алдым.

Эльвина биыл көрме ұйымдастырғысы келеді. Кофе-артқа қызығушылық танытатындарға ұсынар картиналары да жетерлік. Егер жоспары жүзеге асса, оның туындылары осы елдегі алғашқы экспозиция болмақ.

Авторлары: Шафак Алиева, Айгюн Гасан

Leave A Reply

Your email address will not be published.