«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінің оқулығы дайындалып жатыр

0 41

Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ҰКП әзірлеген «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқыту бағдарламасы бекітіліп, оқулықтар дайындалып жатыр. Бұл туралы БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүгінде оқу бағдарламасы дайын, ал оқулықтар дайындалып жатыр. Бүгінгі күні оқушыларға пәндік білім беріп қана қоймай, оларды өмірдегі дағдыларға, өз орнын таба білуге, алған білімдерін өмірде пайдалануға үйрету керек және бұл жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі ұстанымы болып отыр. Сол себепті «Кәсіпкерлік және бизнес негіздерін» оқыту қазіргі заман талабы екенін баса айтқан жөн», — деді Шолпан Каринова.

Ол қазақстандық оқушылардың бизнес пен кәсіпкерлікті жете меңгеруін дұрыс деп есептейді.

«Министрлік бағдарламаны оқушылар мен мұғалімдердің, бизнесмендердің пікірлерін ескере отырып әзірледі. Оқулықтар сараптамаға тапсырылып жатыр. 10-сыныпта осы пәнді варитивті оқу жоспарымен оқыту жоспарланған және аталған сыныпқа жаңартылған білім мазмұны 2019-2020 оқу жылында енгізіледі. Сондықтан, бір жылдан соң оқулықтар тиісті сараптамалық жұмыстардан кейін енгізілетін болады», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.