Еліміздегі ақылы жолдар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі арқылы салынады.
Түскен пайда түгелдей бюджетке аударылып, кейін инвесторлардың шығыны кезең-кезеңімен өтеледі. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі хабарлады. Ауқымды жоспар аясында алдағы жылдары жалпы ұзындығы 5,5 мың шақырым жолды ақылы жүйеге көшіру көзделіп отыр.
Сөйтіп, 2020-2021 жылға қарай түскен табыс 30 миллиард теңгені құрайды деген болжам бар. Айта кетейік, «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» көлік дәліздері ақылы негізге бұған дейін жоспарланған бірінші тоқсанда емес, екінші тоқсанда толық іске қосылатын болды. Естеріңізде болса, былтыр елімізде республикалық маңызы бар 600 шақырым жол салынды.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
– Осы жылы 500-ден астам шақырым жол іске қосылады. Жалпы келе жатқан 3-4 жылдың ішінде 4 мыңнан астам жаңа жол салынатын болады. Ол жолда 100 мың жұмыс орны болады. Сондықтан бұл бағдарламаның экономикамызға маңызы өте жоғары.
Дереккөз: 24.kz