Президент күні қарсаңында шалғай жатқан Ұйым ауылының тұрғындарына тамаша тарту жасалды. Ауыл халқы енді өз ауылдарында ем-дом алып, дертіне шипа таба алады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Мерейлі мереке қарсаңында Жамбыл облысында 32 медициналық нысан халық игілігіне пайдалануға тапсырылды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға қамтылады. Ал, жалпы облыста 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына ғимарат қажет болатын. Бұл бюджеттік инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылғанда, оған жалпы 6 567,6 миллион теңге және жеті жыл уақыт керек болатын. Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу арқылы мерзімін үш жылға, жұмсалатын қаржы көлемі 2 376 миллион теңгеге үнемделді. Нақтырақ айтқанда төрт жыл уақыт және 4 192 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Яғни, тоқсан бес нысанның жиырма тоғызы биыл ашылса, 2019 жылы қырық, 2020 жылы жиырма бес нысан бой көтереді деп жоспарлануда.
Ауыл халқын медициналық көмекпен қамту мақсатында ашылған нысан бір мезетте 10 келушіні қабылдауға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру үшін 34 млн 885 мың теңге жұмсалыпты. Медпунктте барлығы 12 адам жұмыс істейді.
— Сарысу ауданына қарайтын бұл Ұйым ауылында жүз елуге жуық отбасы тұрады. Енді ауыл халқы орталыққа сабылмай, осы фельдшерлік пунктте ем алатын болды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында атқарылып жатқан жұмыстарға дән ризамыз. Біздің Жаңатас кезінде аты әйгілі өндірістік қала еді бір заманда. Кейін құлдырап кетті. Бұл жай біз сияқты қарттарға ауыр тиетін. Ал бүгінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Үйлер жөнделіп, елдің тұрмысы жақсара бастады. Орталық емес өзіміздің ауылда да міне жаңа нысан ашылды.Мұның барлығы еліміздің әл-аухатының жақсарып келе жатқандығының көрінісі, — деді ардагер, ауданның құрметті азаматы Мысықбай Әбдіхалықов.