Тұрар Рысқұлов ауданы Шолаққайыңды ауылында бір мезетте бес келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар жаңа медициналық пункт ашылды. Жаңа нысанның ашылуына ауыл тұрғындары жиналып, өз ризашылықтарын жеткізді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Адами капиталдың бір көрсеткіші – денсаулық. Елімізде өмір сүру ұзақтығы 4,5 жылға артып, орташа өмір сүру жасы 72,5 жасқа жеткені белгілі. Қазір цифрландыру және IT сервистерді дамыту ерекше маңызға ие. Елбасының биылғы Жолдауында да денсаулық саласын ақпараттандыру мен компьютерлендіруге, ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу, барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшу бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы міндеттер шеңберінде ауданда ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізу қажет. Осы жұмыстар аясында Тұрар Рысқұловтағы аудандық ауруханаға 2017 жылы 32 компютер алынып, 3 млн. 546 мың теңге жұмсалған, нәтижесінде 142 жұмыс орны, яғни барлық дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер компьютерлендірілді.Заман талабына сай құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген осындай нысанның бірі-Шолаққайыңды ауылында салтанатты түрде халық игілігіне пайдалануға тапсырылды. Жоба құны-26 679 мың теңге.
Бейшеналы Қалмырзаев Тереңөзек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз. Бүгінде он бала, 20 немере тәрбиелеп отыр.
— Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгелі жарқын істердің куәсі болып жатырмыз. Ең бастысы еліміз тыныш, бейбітшілік. Осының арқасында қаншама жақсы жұмыстар жасалуда. Мемлекет қолдауы ауылдық жерлерге де жетті. Мұның бәрі халқымызды басқарып отырған Елбасымыздың саясатының арқасы деп санаймын, — дейді ардақты ұстаз.