Кеше Елбасы өз өкілеттілігін пайдалана отырып Конституциялық Кеңеске өтініш жасаған болатын. Онда ҚР Конституциясының 42-бабы 3-тармағына ресми түсініктеме беруді сұрағаны белгілі. Мәлімдемеге қатысты Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа өз ойын білдірді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
— Бүгін Елбасы өзі ешқандай да сайлау болмайтындығын, халықтың еш дүрлігетіндей себебінің жоқтығын баса айтты. Бұл Президенттің бірінші өтініші емес, оның алдында да өтініштер жасаған. Конституциялық Кеңестің негізгі қызметінің бірі конституциялық заңдарға түсіндірме беру болып табылады. Ал бізге еш алаңдамай өз қызметіміз бен берілген жұмысымызды адал атқара берген дұрыс деп ойлаймын. Кезінде Конфуций айтқан екен «Етікші — етікші, ұстаз — ұстаздық ету керек» — деп. Сол үшін ешбір мемлекеттің саяси шешімінің астынан саяси астар іздеп, алдын ала пәтуа шығарудың қажеттілігі жоқ. Тек сабыр сақтап ресми жауап күтуіміз қажет. Жақын арада Конституциялық Кеңес өтінішті талқылап, кеңестің түсіндірмесін Елбасы мен халыққа жариялайды. Біздің міндет-еліміздің өркендеуі үшін бар жастық жалынымыз бен қажырлы еңбегімізді жұмсап қызмет атқару деп білемін, — дейді Ол.