Өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасы 52 іс-шара өткізген

0 0

Өткен жылы Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы 52 іс-шара өткізген. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өтіп жатқан брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ұйымдастырылған шаралардың қатарында Елорданың 20 жылдығы, «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында баспасөз хатшыларына арналған тимбилдинг, «Ұлы дала рухы» форумы, «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы, «Латын әліпбиі — ел ертеңі» конференциясы, Қасым Қайсеновтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш, «Киелі Қазақстан: Тараз — тарих айнасы» атты ғылыми конференциясы, «Жаңа медиа және болашақ» атты республикаға танымал журналистер бас қосқан форум бар.

Сондай-ақ, басқарма басшысы Мемлекет басшысының Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру, БАҚ  мен Азаматтық қоғам, ҮЕҰ атқарған жобалары мен жұмыстары туралы да айтып өтті. Сонымен бірге, осы бағытта құрамында 89 мүшесі бар облыстық 11 ақпараттық топ құрылған. Қазіргі таңда топ құрамына жоғары оқу орындарының профессорлары, сарапшылар, сонымен бірге, «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру үшін банк қызметкерлері енгізілді. Ақпараттық жұмыс ақпан айынан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

Бүгінде облыста 63 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша өткен жылы елімізде Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы алғашқыларының бірі болып аналогты хабар тарату жүйесі толығымен өшіріліп, облыс тұрғындарының 100 пайыз эфирлік хабар тарату жүйесіне көшірілді. Бұл ретте, облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіліп, 2400 отбасыға жергілікті бюджет есебінен 13 528,0 мың теңге бөлініп, цифрлы жалғамалар (приставкалар) алып берілді.

Жиын соңында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, мардымды жауаптар алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.