2019 жылы Түрксіб ауылынан 300 орындық мектеп құрылысын салуға 555,5 млн. теңге қаржы бөлінсе, Бірлесу-Еңбек ауылындағы 100 орындық мектеп құрылысын аяқтағанға 363,4 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы Жамбыл ауданы әкімі Бақыт Қазанбасов атқарылған жұмыстарға халық алдын есеп беру баяндамасында мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Аудан басшысының айтуынша, бүгінде аудандағы жалпы 37 білім беру ұйымдарының (26 орта, 10 бастауыш, 1 негізгі мектеп) 872 сынып комплектісінде 15 767 балаға 1 899 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар, мектеп алды дайындық бойынша 89 сынып комплектісінде 1 484 бала білім алуда.
Өңірде компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі 1 компьютерге орташа есеппен 8 оқушыны құрайды. Жалпы ауданның барлық мектептері интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 25 мектепте 60 химия, физика, биология кабинеттері бар, 22 мектептің 30 кабинеті лингофон және мультимедиялық құралдармен жабдықталған, 32 мектепте 110 интерактивтік тақта бар. Барлық мектепке бейнебақылау орнатылған.
Білім саласы жалпы 147 млн. 051 мың теңгеге сандық білім беру инфрақұрылымын құру мақсатында оқу үрдісіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде, интерактивті тақта (проектор, компьютер) алуға 19 млн 840 мың теңге, жаңа модификациялы кабинеттермен қамтуға 26 млн 024 мың теңге (химия — 2, физика — 1, биология — 1), компьютерлік паркті жаңартуға 45 млн 410 мың теңге, мектептерге алғашқы әскери дайындық жиһаздарын алуға 1 млн 118 мың теңге.
2018 жылға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 319,1 млн теңгеге 3 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, Бесбаев атындағы мектеп-лицейіне 90,0 млн теңге, Әйтиев атындағы орта мектепке 103,7 млн теңге, Гродеково орта мектебіне 125,3 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ, аудандық бюджеттен ағымды жөндеу жұмыстарына бөлінген 64 млн 276 мың теңгеге 8 орта мектеп – Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің шатыры мен ғимараты, Гродеково орта мектебінің жылу құбыры, Еңбек орта мектебінің жылу қазандығы мен ғимаратының шатыры және жылу қазандығы, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің жылу құбыры, Төле би атындағы орта мектептің терезелері, Ильич орта мектебінің трансформатор және әжетханасы, Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің әжетханасы, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің жылу қазандығы мен ғимараты және «Жәнібек» балабақшасының шатыры жөндеуден өткізілді.
Оқу жылында аудан көлемінде 21 елді мекеннен 12 мектепке 997 оқушы тасымалданып оқытылуда. Балаларды мектепке тасымалдауды сапалы ұйымдастыру үшін 6 ауылдық округке (Аса, Айшабибі, Бесағаш, Көлқайнар, Қарасу, Өрнек) 60 млн 172 мың теңгеге автобус сатып алынды.
Жалпыға бірдей міндетті орта білім қорының шығындарына 182,3 млн теңге бөлініп, игерілді. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 1 300 оқушыны тамақтандыруға 94,7 млн теңге және 1-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 60,5 млн теңге бөлінді.
2017-2018 оқу жылына 638 мектеп бітірушінің 401-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, нәтижесінде орташа балл 99,1 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 19,7 балға өсті, және 10 оқушы «Алтын белгі», 7 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Ал, 2018-2019 оқу жылына 607 мектеп бітірушінің 463-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріп отыр.
Тағы бір жаңалық. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында Айшабибі ауылынан «СуперФарм» ЖШС «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың көлемін кеңейту» құрылысын іске асыруда. Жоба құны шамамен 3,5 млрд теңге, қосымша бөлінген жер көлемі – 1,5 гектар. Жоба іске қосылғанда 250 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда жобаны іске қосып көру жұмыстары жүргізілуде.