Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында 764,1 млн теңге қаржы бөлінген
2019 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 764,1 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2018 жылдың 1 сәуіріне Жамбыл облысы бойынша 45078 мүгедек бар болса, оның ішінде 1-ші топтағылар — 4125, 2-ші топтағылар — 18586, 3 топтағылар — 16171 адам, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6196-ы құрайды. Әлеуметтік оңалту құралдарға мұқтаж 5655 мүгедекті тиісті бұйымдармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы бағытта облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік жағдайын, өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқаруда.
Одан бөлек, Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1229,2 млн.теңгеге 8317 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылуда. 5 медициналық-әлеуметтік мекемеде толық мемлекет қамқорлығындағы 1127 адам 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтылуда. Ал, жартылай стационарлық жағдайда мүгедектерді және мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу Орталықтарында 217 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
Сондай-ақ, оңалту орталықтарының желісін дамыту және көрсетілетін оңалту шараларының сапасын жақсарту мақсатында Байзақ, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарында психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедек балаларға сыйымдылығы шағын үйлер ашылу көзделіп отыр.
Ал үкіметтік емес ұйымдар тарапынан әлеуметтік жоба арқылы ұсынылатын үйде және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 282,8 млн.теңге бөлініп, 1323 мүгедектерге жартылай стационар мен ұй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну жоспарлануда. Облыс көлемінде 2301 психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедек балалар мен мүгедекке арнайы инватакси қызметі көрсетілуде.
Сонымен қатар, облыс көлемінде мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бейімделуге тиіс 904 нысанға толығымен паспорттары дайындалып, бүгінгі күнге 904 нысан бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Осы жылы 98 инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарланып, осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 11,7 млн.теңге қаражат бөлініп отыр, бүгінгі күнге тиісті бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, соған сәйкес 2019 жылы 545 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
2019 жылдың 1-сәуіріне жұмыспен қамту органдары арқылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 257 мүгедек жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, олардың 75-і тұрақты жұмыспен, 182-і уақытша жұмыстармен қамтылды. Уақытша жұмыстармен қамтылғандар ішінен: 132-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 28-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 22-і жастар практикасына жолданды.
Айта кетейік, Тараз қаласында 27 орындық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығында есепті мерзімде 27 әйел арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтылуда.