Қос күдікті түнгі уақытты пайдаланып, 177 келі балықты қырып салған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Олар таңға жуық Аса өзенінің бойынан ұсталды. Тексеру кезінде көліктерінен сазан, мөңке, амур, жылан балықтары табылды. Қаскөйлер су маржандарын жаппай қыратын электрлі қармақты пайдаланған. Елімізде балықты мұндай жолмен аулауға мүлдем тыйым салынған. Мұндай әрекет үшін 5 миллион теңгеге дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүріп жатыр. Айта кеткен жөн, қазір балықтардың уылдырық шашатын уақыты басталды. 15 сәуірден бастап, 1 маусым аралығында балық аулауға қатаң тыйым салынады.
Дәулетжан Бектенбаев, Жамбыл ауданы полиция бөлімшесі бастығының орынбасары:
— Балық аулауға тыйым салынған уақыт екенін біле тұра, адамдар тобы болып, яғни алдын ала сөз байласып, алдын ала дайындалып электр қармағын, электр тоқтарын өздерімен бірге аккумуляторларымен, қайықтарымен бірге алып бірлесіп осы қылмыстық іс-әрекетін жасап жатыр. Ауланған балықтарды Жамбыл ауданы мешітіне қолхат арқылы берілді. Акт арқылы. Олар жетім балаларға, жағдайы жоқ отбасыларға өздері таратады.