Тұрар Рысқұлов ауданында 4 ұл, 3 қыз өсіріп отырған көпбалалы ана Әсел Құрманова баспаналы болды,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Көпбалалы ананың тілегінің орындалуына ауданның қолы ашық, кәсіпкер азаматы себепкер болды. Алтын алқалы ана мен балаларды қуанышқа бөлеген Құрбан Изалов — Қорағаты ауылдық округіне қарасты Көкқия тау шатқалынан алтын өндіріп жатқан «Golden compass Jambyl» ЖШС-нің басшысы.
Кәсіпкер жалғызбасты ананың тұрмыс жағдайын ескеріп, Луговой ауылынан 3 млн. 100 мың теңгеге пәтер сатып алған. Аудан әкімі Ерболат Садырқұловпен бірге арнайы барып, Әсел Құрмановаға пәтердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. 7 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Әсел Құрманова осыған дейін Қарақыстақ ауылында пәтерден пәтерге көшіп келіпті. Жергілікті жұртшылық Әселдің отбасылық жағдайын түсініп, қолдарынан келгенше жақсылығын аямаған. Енді, қасиетті Рамазан айында баспаналы болып, қуанышқа кенелген келіншектің қарақыстақтық ағайынға айтар алғысы шексіз.
Айта кетейік, бүінде ауданда баспана алу кезегінде 622 адам тіркелсе, оның 100-ге жуығы көпбалалы аналар. 552 отбасынан 880 бала мектепте ыстық тамақпен қамтылып, жаз маусымында 200 бала тегін демалыс лагеріне жіберіледі.