Жамбыл облысында ЖД-158/7 мекемесі Астана күнін 3 күн тойлады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Елорданың 22 жылдығын Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі де кең көлемде атап өтті. Атаулы күн түзеу мекемесінде 3 күн бойы тойлау жоспарланып, түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламаның ашылуы салтанаты болып өтіп, жазасын өтеушілерден құралған мекеме өнерпаздарының концертімен шымылдығы түрілді. Жиында сөз алған мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Мейірғали Ракишев сотталғандарды айтулы дата -НұрСұлтан қаласының туған күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдіре отырып сайыстарда бақ сынаушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар жазасын өтеушілер бар өнерін ортаға салды. Ән айтып, бас қалаға жүрекжарды жырларын арнады. Караоке айтудан жарысып, қабырға газеттері жиылғандар назарына ұсынылды. Патриоттық фильмдер көрсетілді. Ертең қол күресі, кір тасын көтеру, арқан тартыстан күш сынасса, волейбол, шахмат, теннис басқа да спорттық ойындарда кіл мықтылар сараланды. Өзгелерден оза шапқан алғырларға арнайы марапат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.