Спортпен айналысу тек физикалық формаға ғана әсер етеді десеңіз, қателесесіз. Өмірдегі қиын да, проблемаға толы кезеңде жаныңызға спорттан артық серік жоқ. Бұл пікірді тек спортшылар ғана емес, ғалымдар да растайды.
Спортпен шұғылдану сіздің бойыңыздағы төзімділікті арттырып қана қоймай, өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетінін байқадыңыз ба? Кейбір спортшылардың айтуы бойынша, күнделікті жаттығулар спорт алаңынан тыс уақыттарда да өз өнімділігін сақтап, көп болмаса, аз пайдасын тигізбеген. Сондай-ақ спортпен айналысатындар қарым-қатынаста да жаңғақтай берік келеді екен.
Бір қызығы, тұрақты спорт сізді бастықтың айқайы немесе уақыт тығыз кезде сабырлық пен салқынқандылықты сақтай отырып, асығыс шешім қабылдамауға үйретеді. Қарым-қатынастағы қиындықтардың да күрмеуі шешіле бастайды.
Барлық нәрсе шаршағанға ғана байланысты деп ойлауыңыз мүмкін. Жаттығулардан қатты шаршағандықтан болмашы нәрселерді уайымдауға әліңіз қалмайды.Алайда, шаруа мұнымен бітті деген сөз емес. Зерттеуге сүйенсек, спорт мидың белсенділігін қалыпқа келтіріп, зейінді арттырады. Спортпен тұрақты түрде айналысатын адамдар жаттығулардан біразға дейін босаңсыған күндерде де күйзеліске қарсы тұра алады.
Спортпен шұғылдану диабетті емдеп, инсульттың алдын алатынын, жүрек соғысын қалыпқа келтіріп, гипертония мен остеопорозды емдейді дегенді жиі естиміз. Алайда, ауыр спорт түрлерімен шұғылдану өмірдегі қиындық атаулыға тап келгенде мойымауға жағдай жасайтынын айта бермейтініміз өкінішті.