Облыстық жолдарды жөндеуге бюджеттен 66,6 млн.теңге бөлінген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жамбыл әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Оразалыұлы айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Спикердің айтуынша, Сапа «Жол активтерінің сапа орталығы» ШЖҚ РМК-мен бірлесіп тұрақты тексеріліп отыр. Бұл мақсатқа облыстық жолдарға бюджеттен 66,6 млн.теңге бөлінген. Бүгінде, бірлесіп нысандарға шығу кестесі бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, 2020 жылы 53 жерге шығып зерделеу жүргізіліп, 144 қолданылып жатқан құрылыс материалдарынан сынама алынды. 17 кемшіліктер анықталып жұмыс тәртібінде толық жойылған.
Сондай-ақ, аудан әкімдіктері де бұл мақсатқа қаржы қарастыруда. Мәселен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарымен 5,2 млн.теңге қаралса, Қордай, Мойынқұм, Рысқұлов, Меркі аудандары кепілдеме хат арқылы жұмыстарды жүргізуде. Сапа орталығымен бірлескен зерделеу жұмыстары барысында кепілді мерзімде асфальт жамылғысының бұзылу деректері де зерделенеді. Келісім-шарт талаптарына сәйкес, жол жөндеу нысандары пайдалануға берілген күннен бастап орташа жөндеу жұмыстарына 2 жылға, күрделі жөндеу жұмыстарына 5 жылға кепілдеме беріледі. Кепілді мерзімде асфальт жамылғысында ақаулар пайда болу деректері анықталған жағдайда, олар толығымен мердігердің өз есебінен жойылып отырылуы тиіс және бұл мәселе тапсырыс берушілердің тұрақты қадағалауында болуы қажет.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдерінен құрылған жұмыс тобының жол-жөндеу нысандарын аралау кестесі бекітіліп, кестеге сәйкес нысандардың басына шығып, жөндеу жұмыстардың сапасын тексеру іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Одан бөлек, іске асырылып жатқан жол-құрылыс жобаларына барлық аудандарда «Nur Otan» партиясының мүшелері, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мамандары және аудандық «Жас Отан» жастар қанатының басшылары өкілдерінен құрылған қоғамдық бақылау топтарыныңмүшелері бақылау жүргізуде.
Осы ретте, автожолдардың жөндеуден өткеннен кейін мерзімінен бұрын бұзылуына алып келетін факторлардың бірі HOWO, SHACMAN және т.б Қытай өндірісінің өзі аударғыш ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруі екендігіне назар аударылды. Аталған жүк көліктері карьерлерде жүк тиеу мен тасымалдауға арналған көліктер екендігін ескеретін болсақ, 40 тонналық жүктің тасымалдануына жергілікті маңыздағы жолдар шыдамауда.
Атап өтейік, жұмыс тиімділігін арттыру бағытында,басқарма мен министрліктің аумақтық бөлімдерімен қажетті бірлескен іс-шаралары жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың 5 айында инспекциямен бірлескен рейдтерде 2252 автокөлік құралдары тексерілген. Нәтижесінде, 463 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 15,1 млн.теңге айыппұл салынды. Қазірге, жергілікті бюджетке оның 13,6 млн.теңгесі өндірілген.