Өзбекстанда 9 тонна палау пісірілді

0 2

Хиуадағы «Арда Хиуа» туристік кешенінде «Хорезм палауы» халықаралық аспаздық фестивалі өтті, деп хабарлайды ӨзА.

Халықаралық фестиваль облыс әкімшілігімен және оннан астам ұйыммен бірлесіп ұйымдастырылды.

Хиуа қаласындағы «Ғовук» көлінің айналасындағы 24,5 гектар аумақта 250-ден астам туристік нысанды қамтитын «Арда Хиуа» кешені биыл пайдалануға берілген. Кешен жыл сайын бір жарым миллионнан астам жергілікті және шетелдік туристерді қабылдайды. Сонымен қатар туристердің бос уақытын мағыналы ұйымдастыру мақсатында жыл сайын 10-нан астам халықаралық фестиваль және 20-дан астам жергілікті бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. «Хорезм палауы» халықаралық аспаздық фестивалі солардың бірі.

«Арда Хиуа» туристік кешенінде ондаған мың шетелдік қонақтар мен жергілікті тұрғындар жиналды.

Алаңның арнаулы бөлігінде, Өзбекстандағы және бүкіл әлемдегі танымал аспаздар елде алғаш рет рекордтық 9 тонналық «Хорезм палауын» дайындады.

— Бұл палауға 2,5 тонна күріш, 3 тонна ет, 3 тонна сәбіз, 700 литр май, 100 келіден астам пияз, одан да көп мейіз және басқа да дәмдеуіштер пайдаланылды. — дейді Өзбекстан аспаздар одағының бас технологы Толибжон Умаралиев. — Палау үшін Хорезмнің ең жақсы күріш сорттарының бірі, «Аланга» сорты таңдалды. Үлкен көлемді тағам шайханада, үйлену тойларында немесе үйде дайындалатын әдеттегі тағамнан өзгеше. Тағам бірнеше күн бойы дайындалды. Тіпті еттің астына қойылған жіліктің салмағы 300 келі болды. Палау пеште от жағылғаннан кейін он сағат бойы пісірілді.

Фестиваль аясында қонақтарға республиканың 70-тен астам шебер аспаздарының қатысуымен аспаздық көрсетілімдер мен тікелей мәдени бағдарламалар ұсынылды.

Фестивальге Дүниежүзілік аспаздар қоғамы қауымдастығы (WACS) да үлкен қызығушылық танытты. Бұл сондай-ақ Өзбекстандағы гастрономиялық туризмнің осы саласына үлкен көңіл бөлінуіне байланысты.

Тоғыз тонна палаудың бір бөлігі фестиваль қатысушыларына таратылды.

Хорезм палауының көп бөлігі аймақтағы аз қамтылған, жетім балаларға және мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ «Саховат» және «Мехрибонлик» үйлеріне қайырымдылық ретінде таратылды.

Еске сала кетейік, Самарқанда 7 тонна палау пісірілетіні жайлы жазған едік.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.