Бұл мен үшін тарихи сәт — Өзбекстанда бірінші болып дауыс берген қазақстандық

0 3

Өзбекстан астанасындағы Қазақстан елшілігінде орналасқан референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.  

Ташкентте шет мемлекеттердегі ең ірі учаскелердің бірі орналасқан. Бүгінде мұнда Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 755 Қазақстан азаматы дауыс бермек.

Ең алғаш болып №431 учаскеде Жорабай Кучкаров өз таңдауын жасады. Ол конституциялық реформа ел үшін маңызды әрі жауапты сәт екенін атап өтті.

— Мемлекет халықты қате жолға бастамайды. Еліміздің келешегі үшін таңдау жасадым. Мен үшін бұл тарихи сәт. Сондықтан алғашқылардың бірі болып өзімнің азаматтық ұстанымымды білдірдім, — деді Ж.Кучкаров.

Бірінші болып дауыс берген отандасымызға учаскелік рефрендум комиссиясының мүшелері естелік сыйлық табыстады.

Айта кетсек, Ташкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар жасақталған.

Еске салайық, Ташкент қаласындағы №431 референдум учаскесі Қазақстан Республикасының елшілгі ғимаратында (Абай көшесі, 1) орналасқан. Онда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғасады

Leave A Reply

Your email address will not be published.