Бүгін Тараз қаласы әкімдігі мен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында меморандум жасалды.
Салтанатты рәсімге қала әкімі Бақытжан Орынбеков пен университет ректоры Камшат Түсіпова қатысып, бұрынғы «Гидрокешен» аумағында сквер салу бойынша арнайы меморандумға қол қойды.
Шаһар басшысы өз сөзінде бұл жобаның қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Бұрынғы «Гидрокешен» маңындағы тұрғындар бұған дейін қала әкімімен кездесуінде саябақ мәселесін көтеріп, талап-тілектерін айтқан болатын. Өйткені оқу ордасы орналасқан аумақта 40 мыңнан астам адам тұрады.
Соған орай қалалық әкімдік тарапынан саябақ құрылысын салу үшін “Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті” АҚ-ның теңгеріміндегі 10 гектарға жуық жер телімін мемлекет меншігіне беру туралы келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде жоба қолдау тауып, мемлекеттік сараптамадан өтті.
Сквер аумағы тек студенттер үшін ғана емес, сол маңдағы тұрғындар үшін де демалыс аймағына айналады. Жобада скверден бөлек оқу-әдістемелік кешен, спорттық алаңшалар, демалыс орындары және мәдени-бұқаралық шаралар мен фестиваль-пікірталас өткізетін орындар да қарастырылған.
Ұлттық университет тарапынан жүргізілген сауалнама нәтижесінде студенттердің басым бөлігі скверге «ТАЗА ТЫНЫС» атауын ұсынған.