Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Абай» шахтасында кеңес өткізді. Жағдай туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты тұлғалар баяндады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жедел штаб құрылды, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Облыс және компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барады.
Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.
«Абай ауданы аумағындағы шахтада болған апат фактісіне байланысты Қазақстан Республикасы кылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады», — деді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінен.
Апатқа байланысты Қарағанды облыстық ТЖД-да жедел телефон нөмірлері жұмыс істей бастады: 8 (7212) 51-11-10, жедел желі — 8 (7212) 51-72-23.
«Абай» шахтасында қаза тапқан кеншілердің тізімі:
Шмидт Виталий Владиславович, 1979 ж.т.;
Скитченко Николай Николаевич 1968 ж. т.;
Абдуллин Наиль Рамильевич, 1990 ж.т.;
Супрунов Алексей Алексеевич, 1987 ж. т.;
Краус Сергей Юрьевич, 1983 ж. т.;
Корниенко Сергей Анатольевич, 1971 ж.т.
«Абай» шахтасында зардап шеккен кеншілер: Маралбаев Жеңіс Мерекеұлы, 1963 ж.т.;
Зейналов Элайдын Авез-оглы, 1960 ж.т.
Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.