Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан бүкіл полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасына пәтер беріледі, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Құрылысшылар одағы халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, осындай шешім қабылдады.
Одақ еліміздің әрбір азаматы үшін осындай ауыр кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын толық қолдайды.
Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қор және Құрылысшылар одағы бірлесіп, халықты террорлық шабуылдан қорғаймын деп жанын қиған полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілтін тапсыратын болды.
Бұл іске одақ атынан Qazaq Stroy, Exclusive Group, Kusto Home, Nest Stroy, Saba Group KZ, Sheber Group, Tau Development, Time Group Hayat Construction, Диал Строй, Атрикс Строй компаниялары үлес қосады.
Бүгінгі таңда Құрылысшылар одағы Алматыдағы зардап шеккен нысандарды тазарту және қалпына келтіру ісіне белсене атсалысып жатыр.
«Қазақстанда қалыптасқан қиын жағдайды ескере отырып, отандық бизнес өкілдерін Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырамыз» делінген одақ үндеуінде.