Баспана кезегінде тұрған адамдарға баспана жалдау ақысын төлеуге көмектесетін жаңа бағдарлама мамыр айында іске қосылады деп күтілуде. Жеңілдік жекелеген санаттарға арендалық төлемнің бір бөлігі субсидиялау тетігін әзірлеуді тапсырған президент тапсырмасына сай жасалмақ.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша,
жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленіп жатыр. Оператор болып Отбасы банк белгіленген.Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексеретін болады . «Бұл жеңілдік азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген, яғни 50 %-і мемлекеттік субсидия есебінен, ал қалған 50 пайызын үйді жалға алған адам өзі төлейді»,-деді министр.
Жеңілдік алуға өтініш беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет. Және де, отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын болуы,
тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекте тұруы, тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы міндетті. Содан соң, өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы төлемдер тағайындауға өтініш пен тұрғын үйді жалдау шартын қоса береді.
«Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын болады. Отбасы банк ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды және тексереді және растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады», – деді Қайырбек Өскенбаев.