Тұрғын үй жалдау субсидиясын алуға өтініш берушілердің несие тарихы тексерілмейді. Бұл туарлы «Хабар» телеарнасындағы «Бүгін» бағдарламасында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бағдарлама барысында тұрғын үй субсидиясын алуға өтініш бергендердің төлем қабілеті қалай тексерілетіні айтылды.
«Өтініш берушілерге төлем қабілетін растау керек. «Баспана маркет» порталына өтінім бергеннен кейін төлем қабілетін банк автоматты түрде есептейді. Яғни, дереккқорлардан бүкіл ақпарат алынады. Оның ішінде сіздің айлығыңыз, барлық төлемдеріңіз, еңбек демалысының өтемақысы болса, соның бәрі кіреді. Кәсіпкер ретінде тіркелген болсаңыз, кәсіпкерлік табысыңыз кіреді.
Сол отбасы алатын зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер де төлем қабілеті ретінде есепке алынады. Осы табыстың бәрін жан басына шағып, 6 айдың ішіндегі табысын есептейді», — деді «Отбасы банк» акционерлік қоғамы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай. Бағдарлама барысында «Тұрғын үй жалдау субсидиясын алғысы келетін отбасының несие тарихы жағымсыз болса, не істеу керек?» деген сауал қойылды.
«Несие тарихы қаралмайды», — деп қысқа қайырды Жансұлтан Матай. Айта кетейік, тұрғын үй жалдау субсидиясын төлеу ережелерін мамыр айында бекітіп, іске қосу жоспарланған.
Қазір ереженің жобасы талқыланып жатыр.