Сарысу ауданында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар ауданның тек экономикасының түзелуіне емес, сонымен қатар әлеуметтік ахуалының да жақсаруына ықпал етіп жатыр. Оған мысал ретінде Саудакент ауылында соғылған спорт нысанын, Жаңатас қаласында жөнделген көпқабатты тұрғын үйлерді айтуға болады.
Салық түсімінің артуына себеп болып отырған Сарысу ауданындағы кәсіпорындарда 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл ол нысандарда өндірілген өнім көлемі де ұлғайған . Бұл туралы аудан әкімі «Қоғамдық талқылау» бағдарламасында айтты.
-Бірінші кезекте кәсіпорындарымыз 2 800-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, ауданда бірқатар жобаларға қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда «Жаңатас ЖЭС», «Шоқпар ЖЭС», «Казфосфат» компаниялары тек салық төлеп қана емес, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да ықпал етуде. Мәселен алғашқы екі мекеме Жаңатас қаласындағы аз қамтылған 3 отбасының үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. 50 млн. теңгеге «Ақбұлақ» демалыс орнын абаттандырды. Өнерпаздарға өте қажет болып жүрген орталық алаңға қажетті сахна құрылысын аяқтады,-деді аудан әкімі.
Бұл бағытта «Казфосфат» компаниясы да жүиелі жұмыстар атқарған. Кәсіпорын 2023 жылы Жаңатас қаласынан 2 су ұңғымасын қазуға ықпал етіп, аз қамтылған отбасыға баспана алуы үшін 3 млн. теңге қаржы бөлген. 2024 ж – табиғи апаттан зардап шеккен 20 отбасына 6 млн. тг. қаржылай көмек көрсетіп, 2024-2025 ж – Жаңатас-Шымкент бағытындағы 11 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жасапты.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.