Алаяқтар онлайн банкинг орнатқан құрылғылардан ақша ұрлаудың айласын тапқан. Олар AnyDesk пен TeamViewer бағдарламалары арқылы құрылғыны қашықтан басқара алады. Мұны астаналық полицейлер де айтып отыр.
«Мобильді банкинг жүктелген телефонға AnyDesk пен TeamViewer бағдарламаларын жүктегенде абай болыңыз. Мүмкіндік болса, мүлде жүктемеген дұрыс. Алаяқтар ұялы телефонды жақсы қолдана алмайтын адамдарға осы бағдарламаны орнатып, қолдануға кеңес береді. Бағдарлама жүктелген соң, банкинг қосымшаға еніп, ақшаны сыпырып алады», — деп түсіндірді олар. Сіздің атыңыздан біреу ақша аударып жатыр деп алдап, CVV-код пен телефонға келген СМС-кодты сұрау да нағыз алаяқтардың айласы.