«Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Екіншіден, бұл уақытта аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Сондықтан наурыз Қазақстанда және басқа да елдерде жаңа жыл ретінде тойланатын думанды халықтық мейрам.
Халық барлық бастама, ұлы істерді ырымдап осы күні бастаған. Сол себепті де бұл күнді «Ұлы істің ұлы күні, яғни Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы. Осы мереке мен күндерді халық ерекше қастерлейді.
Алматылықтар Наурызды тойлауды бастап кетті. Дәл қазір мегаполистегі «Астана» алаңында мерекелік іс-шаралар ақырындап басталып жатыр. Халық жиналып, ұлттық бұйымдардан бастап, әртүрлі нәрселер сатылып жатыр. Ұлттық аспапта ойнайтын музыканттарды да кездестіруге болады.
Алматыда Наурыз мерекесі аясында қаланың барлық аудандарында 80-нен астам түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған. Негізгі іс-шаралар бүгін, 21 наурызда сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін Панфилов, Жібек жолы және Төле би көшелерінде өтеді.
Алматы қаласы әкімдігі таратқан мәлімет бойынша, Панфилов пен Қарасай батыр көшесіндегі шағын сахнада сағат 11.00-17.00 аралығында концерттік бағдарламамен П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, балалар шығармашылық ұжымдары, диджейлер мен интерактивтер, Диана Шарапова мектебі және Мұрат Мұтұрғанов өнер көрсетеді.
Сондай-ақ Жібек жолы көшесіндегі сахнада сағат 11.00-17.00 аралығында «Алматы Әуендері», «Бозторғай» халықаралық балалар фестивалі концерттік бағдарламасын ұсынса, диджейлер мен интерактивтер және шығармашыл жастар өз өнерлерін көрсетеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін концерттік бағдарлама, ұлттық дәстүрлер көрсетілімі ұйымдастырылады, сағат 16.00-ден кешкі концерт басталады.Қаламыздың негізгі концерті 21 наурыз күні сағат 12.00-де ҚБТУ ғимараты алдындағы «Астана» алаңында өтеді. Көрермендерге қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігін көрсететін барабандар, дауылпаздар мен қобыздарды қолдана отырып театрландырылған шоу ұсынылады. Осы іс-шара үшін арнайы заманауи өңдеуде музыкалық этно-фольклорлық композиция жазылды. Мерекелік концертке барлығы 500-ден астам әртіс қатысады. Сонымен қатар, сахнада 100-ден астам адам өнер көрсетеді.Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
21-22 наурызда Ғылым академиясы ғимаратының алдындағы алаңда «Қазақ әуендері» АҚ Нұр-сұлтан қаласының әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырады.